Түркияда мұғалімдерге ақ халат кию міндеттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Білім министрлігі мектептерге қатысты жаңа ережелер енгізді. Оның ішінде мұғалімдерге арнайы киім үлгісін енгізу және қауіпсіздік шараларын күшейту талаптары бар.

Фото: onedio.com

Жаңа талаптар 14 қыркүйекте басталатын оқу жылынан бастап елдің барлық 81 провинциясында қолданылады.

Білім министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, мемлекеттік мектептердің мұғалімдері ақ халат киюге міндетті болады. Министрлік бұл талап мемлекеттік қызметтің беделін айқындау қажеттілігімен түсіндірді. Ережелердің сақталуын бақылау өңірлік білім басқармаларына жүктеледі.

Сонымен қатар мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Білім беру ұйымдарының аумағында бақылаудағы кіреберіс орындары ұйымдастырылып, көліктер мен жаяу жүргіншілерге арналған қозғалыс бағыттары бөлінеді. Ал жарықтандыруы нашар учаскелерге қосымша жарық орнатылуы тиіс.

Түркияның Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи ел бойынша мектептерді күзету үшін 30 мың қызметкерді жұмысқа алу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға қойылған тыйым сақталады. Сондай-ақ мұғалімдер үй тапсырмасын тек ресми цифрлық платформалар арқылы беруі тиіс.

Жаңа ережелер отбасы шығындарына да қатысты. Мектептер ата-аналардан қымбат импорттық кеңсе тауарлары мен бөгде баспалардың оқулықтарын сатып алуды талап ете алмайды. Бұл ретте отандық өнімдерге басымдық берілуі керек. Сондай-ақ Білім министрлігі бекітпеген емтихандарды өткізуге тыйым салынады.

Мектеп бітіру шаралары мен естелік рәсімдеріне де қосымша бақылау енгізіледі. Мұндай іс-шараларда пайдаланылатын музыка, баннерлер және өзге де материалдар министрліктің тиісті кеңесінің алдын ала келісімінен өтуі керек. Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар педагогикалық әдеп нормаларына сәйкес болуы тиіс. Ал мектеп бітіру шараларын өткізу ата-аналарға қосымша қаржылық міндеттеме жүктемеуі қажет.

Айта кетейік, Түркияның білім беру жүйесінде бастауыш және орта мектептерде 19 миллионнан астам оқушы білім алады.
Бұған дейін Түркия билігі Кахраманмараш пен Шанлыурфа қалаларындағы қарулы оқиғалардан кейін мектептердегі қауіпсіздікті күшейту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асырып жатқаны хабарланған болатын.

Айта кетелік Түркия халқының саны 86,3 млн-нан асқан еді