Түркияда неке азайып, ажырасу көбейген – статистика

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Түркияда 552 мың неке тіркеліп, 193 мыңнан астам жұп ажырасқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияның Статистика институтының (TÜİK) деректеріне сәйкес, 2025 жылы елде 552 237 неке қиылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төмен, ол жылы 569 983 неке тіркелген еді. Жалпы неке коэффициенті (мың адамға шаққандағы неке саны) 6,43%-ға дейін азайған.

Сонымен қатар, ажырасу саны артқан. 2024 жылы 188 963 ажырасу тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 193 793-ке жетті. Ажырасу коэффициенті 2,26%-ды құрады.

Неке жасы өсіп келеді

Алғаш рет некеге тұру жасы екі жыныста да ұлғайған. 2025 жылы ерлер алғаш рет орта есеппен 28,5 жаста, әйелдер 26 жаста некеге тұрған. Ерлі-зайыптылар арасындағы орташа жас айырмашылығы 2,5 жыл болған.

Өңірлер бойынша айырмашылық

Ең жоғары неке коэффициенті елдің оңтүстік-шығыс провинцияларында тіркелді. Көш басында Газиантеп – 7,76%. Одан кейін Османие – 7,68% және Шанлыурфа – 7,5%.

Ең төмен көрсеткіш Тунджелиде – 4,18%, содан соң Гүмюшхане – 4,58% және Ардахан – 4,67% провинцияларында байқалды.

Шетелдіктермен неке: Сирия азаматтары алда

2025 жылы шетелдік күйеу жігіттермен 5 347 неке (жалпы санның 1%-ы), ал шетелдік қалыңдықтармен 28 646 неке (5,2%) тіркелген.

Шетелдік күйеу жігіттер арасында сириялықтар бірінші орында – 20,9%. Одан кейін немістер – 18,8% және ауғанстандықтар – 5%. Шетелдік қалыңдықтар арасында да сириялықтар көш бастап тұр – 13,8%. Сосын Өзбекстан – 13,7% және Марокко – 9,6%.

Ең көп ажырасу – Измирде

2025 жылы ажырасу коэффициенті ең жоғары өңір Измир болған, 3,28%. Содан кейін Анталья – 3,21% және Денизли – 3,14%.

Ең төмен көрсеткіш Хаккариде тіркелді – 0,51%, Шырнақ – 0,52% және Битлис – 0,63%.

Статистикаға сәйкес, ажырасулардың 34%-ы некенің алғашқы бес жылында орын алады, тағы 20,3%-ы алты жылдан он жылға дейінгі аралықта тіркеледі.

Аяқталған ажырасу процестерінің қорытындысы бойынша 191 371 балаға қатысты қамқоршылық мәселесі шешілген. Оның 74,6%-ында қамқоршылық анасына, 25,4%-ында әкесіне берілген.

Бұған дейін Түркия тұрғындарының басым бөлігі өздерін бақыттылар санатына жатқызатыны хабарланған болатын.