Мугла провинциясының Милас ауданында басталған орман өрті бақылауға алынды. Өрт жерден де, әуеден де сөндіріліп жатыр.
Өрт кеше кешке Гюрчамлардағы Бозбюк ауданындағы орманды алқапта басталды. Өрт сөндірушілер түні бойы жерүсті күштерін пайдаланып өртпен күресті, ал таңертең алты тікұшақ пен төрт ұшақ жұмылдырылды.
Жүздеген төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ондаған арнайы техника да өртті сөндіру жұмыстарына тартылды.
Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасы негізгі өрттің ауыздықталғанын хабарлады.
Мугла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйык күндіз аймақта алты орман өрті болғанын, оның бесеуі толығымен сөндірілгенін хабарлады. Оның айтуынша, өрттің таралуына жоғары температура, төмен ылғалдылық және қатты жел ықпал еткен.
Қауіпсіздік мақсатында бір қонақ үй мен тұрғын үй туристік кешенінен1 120 адам эвакуацияланды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, Түркияның жаз мезгіліндегі климаты әр өңірде әртүрлі болғандықтан, елдің түрлі аймағында бір мезгілде әртүрлі табиғи апат болуы мүмкін.
Былтыр Түркияның оңтүстігіндегі Анталия провинциясының Манавгат ауданында орман өрті өршіп тұрған сәтте, елдің солтүстігіндегі Қара теңіз өңірінде нөсер жауыннан су тасқыны жүріп, көшкін болды.
Бұған дейін Джорджиядағы орман өрті 120-дан астам үйді қиратқанын хабарлаған болатынбыз.