Түркияда ірі жол апаты болды: қаза тапқандар бар

АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға Түркияның Чанаккале провинциясында болды. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісінің хабарлауынша, жолаушылар автобусы, ағаш тиеген жүк көлігі және жеңіл көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Фото: trthaber.com

Оқиға Чанаккале–Эзине автожолында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, отын тиеген жүк көлігі аударылып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сол жерде ол жолаушылар автобусы мен жеңіл көлікпен соқтығысқан. Апат салдарынан 8 адам қаза тауып, тағы 20 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған.

Оқиға орнына жедел түрде жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, жандармерия және полиция қызметкерлері келіп жетті.

Чанаккале провинциясының губернаторы Өмер Тораманның айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Автобуста 25 адам болған, соның ішінде үш экипаж мүшесі. Бес жолаушы оқиға орнында қаза болған, тағы үшеуі ауруханада көз жұмды. Бірнеше адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жараланғандарға тезірек сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ ол бұл істің мұқият тергелетінін айтты.

Жол қозғалысы уақытша тоқтатылып, кейін балама бағыттар арқылы қайта ашылды. Қайғылы оқиға бойынша Эзине қаласының прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр. Екі прокурор оқиғаның себептерін анықтаумен айналысып жатыр.

Айта кетейік, Түркияда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында жазаны қатайту, қауіпсіздік стандарттарын арттыру және жүргізушілерге арналған білім беру бағдарламалары қолға алынып жатыр.

Дегенмен, Түркия жолдарында жолаушылар автобустары мен жүк көліктері қатысқан апаттар жиі кездеседі. Осындай оқиғалардың бірі бұған дейін Денизли провинциясындағы Сарайкей қаласында тіркелген болатын.

Айта кетелік Түркияның батысында 4,5 балдық жер сілкінісі болған еді.