Әуежайда қазақстандық делегацияны әскери оркестрдің қошеметтеуімен Невшехир провинциясының губернаторы Абдурахман Саваш күтіп алды. Осы сапардың бағдарламасына сәйкес бүгін Сенат Төрағасы Невшехир провинциясының губернаторымен кездеседі. Сондай-ақ қазақстандық делегация Невшехир провинциясының тарихи-мәдени орындарын аралайды деп күтілуде. 620 мың тұрғыны бар Невшехир қаласы тарихи ескерткіштерге бай елді мекендердің бірі. Онда бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің ықыласына бөленіп отырған Каппадокия сияқты әйгілі жерасты қалалары бар. Мұнда зерттеуші археологтар қала аумағынан бір мезгілде 6 мың адам сиятын 30-ға жуық лабиринттер тапқан. Алайда бүгінде олардың тек бірнешеуіне ғана кіріп көруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 3 сәуірінде Невшехир қаласында Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өткен еді.