Түркияда сапасыз өнімдерді тұтыну қаупі туралы ескертілді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда қасиетті Рамазан айында ең қажетті азық-түлік өнімдерін таңдағанда және сатып аларда сақтық шараларын сақтау керек, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Түрік қолөнершілер мен саудагерлер конфедерациясының (TESK) төрағасы Бендеви Паландекен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін, сертификаты жоқ азық-түлік өнімдерін тұтыну қаупінің артуына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Бұл тұрғыда ол әсіресе Рамазан айында арнайы өнімдерге сұраныс жоғары болған кезде оны таңдау кезінде мұқият болу маңызды екенін атап өтті.
Паландекеннің атап өтуінше, Рамазан айында базарлар мен интернетте сатылатын тәттілер, кондитерлік өнімдер, ірімшік, зәйтүн, ет өнімдері, шұжық пен қақталған шұжық көлемі артты. Бұл ретте тартымды баға мен сыртқы түрі өнімнің қауіпсіздігіне әрқашан кепілдік бермейтінін есте ұстаған жөн. Әсіресе жол жиегінде немесе күмәнді интернет-дүкендерде сатылатын кейбір өнімдер қолдан жасалауы немесе санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі мүмкін.
Ол тұтынушыларды абай болуға және арзан әрі сертификаты жоқ өнімдерді сатып алудан аулақ болуға шақырып, кей жағдайларда өндірушілер қауіпті өнімдерді «табиғи» немесе «экологиялық таза» деп көрсетуге тырысатынын атап өтті. Денсаулықты қорғау үшін Паландекен нарықта өзін танытқан және барлық қажетті сапа сертификаттары бар сенімді сатушылар мен брендтерге жүгінуді кеңес етті.
TESK сарапшылары азық-түлік қауіпсіздігі стандарттарын сақтау адамдар мен олардың денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар сауда желілері мен өндірушілердің беделін сақтау үшін де маңызды екенін еске салды.
Ақпан айында Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы мақұлданды.
Бұған дейін Қазақстан Түркияға ет жеткізетінін жазған болатынбыз.