Түркияда тағы да жер сілкінді

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Түркияның Хаккяри провинциясында бүгін тағы да жер сілкінді, деп жазды bnews.kz сайты.

CNNTurk телеарнасының хабарлауынша, оның магнитудасы 5,4 балды құрады.

Апат болған Ван провинциясына жақын орналасқан елді мекендерде халық арасында үрей туды. Тұрғындардың жағдайын бүгін Түркияда басталған қар одан бетер ушықтырып тұр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Табиғи апат орын алған жерден зардап шеккендер мен ғимараттардың қирауы жөнінде әзірге еш ақпарат келіп түскен жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қазанда Түркияның Ван провинциясында магнитудасы 7,2-ге жеткен жойқын жер сілкінісі болды. Кейін, жексенбі күні кешкісін, магнитудасы 6,1-ге тең жер сілкінісі қайта тіркелді.

Соңғы мәліметтер бойынша, 523 адам табиғи апат құрбанына айналып, шамамен 1650 адам зардап шекті, сонымен қатар 2 262 құрылыс нысандары толығымен қирап қалған.