T3 қорының Қамқоршылық кеңесі төрағасы, TEKNOFEST директорлар кеңесінің төрағасы Селчук Байрактар фестиваль шараларына 1,5 миллионнан астам адам қатысқанын айтты. Бұл — фестиваль тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Оның айтуынша, Шанлыурфаның өзінде шараға 1,3 миллион адам келген.
— Біз тағы да Түркияның болашағына деген сенімнің куәсі болдық. Бұл жерден кетерде біз өзімізбен бірге тек кубоктар, жүлделер мен марапаттарды ғана емес, достықты, жаңа идеяларды және жылдар өте үлкен жетістіктерге айналатын армандарға бастар алғашқы қадамдарды да алып кетеміз, — деді Байрактар.
Ол жастардың жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, робот техникасы және автономды жүйелер салаларындағы жобаларын таныстырғанын атап өтті.
— Мұнда біз тек технология саласында ғана жарысқан жоқпыз. Сіздердің жобаларыңыздан Түркияның өз күшіне деген сенімін көрдік. «Сендер істей алмайсыңдар» дегендерге қарамастан, біз жасадық, жасап жатырмыз және бәрінен де жақсы жасайтын боламыз, — деді TEKNOFEST басшысы.
Байрактардың айтуынша, TEKNOFEST-тің мақсаты — жастардың технологиялық жетістіктерін қолдап қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін нығайту.
Әлемдегі ең ірі авиация, ғарыш және технологиялар фестивалі саналатын TEKNOFEST биыл 15-рет келушілерге есігін ашты.
Фестиваль Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрлігі, T3 қоры және Savunma Teknolojileri Mühendislik ve Ticaret A.Ş. компаниясының ұйымдастыруымен Шанлыурфа GAP әуежайының аумағында өтті.
Фестиваль аясында түрлі демонстрациялық шаралар, көрмелер және технологиялық байқаулардың 14 санаты бойынша финалдық кезеңдер ұйымдастырылды.
Бұдан бұрын Түркия билігі туристік белсенділікті елдің барлық төрт маусымына және барлық өңіріне тарату жоспарлап отырғанын жазғанбыз.