Түркияда терроризмге күдікті 33 адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның 20 провинциясында терроризмге күдікті 33 адам қамалды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Түркия ішкі істер министрі Али Ерликая елдің 20 провинциясында жүргізілген ауқымды антитеррористік операцияның аяқталғанын хабарлады.
Министрдің мәліметінше, жандармерия күштерінің соңғы екі аптадағы жұмысы нәтижесінде FETÖ («Параллельді мемлекет» террористік ұйымы) ұйымымен байланысы бар деген күдікпен 50 адам ұсталған, олардың 33-і сот шешімімен қамауға алынған.
Күдіктілерге террористік ұйымға қатысу, оған қаржылай қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттау бойынша айыптар тағылған.
Али Ерликаяның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері Түркияда FETÖ ұйымының 910 мүшесі қамауға алынып, тағы 1000-нан астам адамға елден шығуға тыйым салынған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркияның 41 провинциясында терроризмге қатысы бар 360-тан астам күдікті құрықталды.