Монополияға қарсы ведомство Threads платформасына иелік ететін Meta компаниясы қажетті міндеттемелерді орындағанын, бұл қызметтің енді жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуіне мүмкіндік бергенін мәлімдеді.
Threads платформасына қосылғысы келетін пайдаланушыларға енді Instagram профилінің болуы міндетті емес.
- Пайдаланушыларға «Threads-ты Instagram аккаунтымен пайдалану» немесе «Instagram аккаунтынан тәуелсіз ұялы телефон нөмірін пайдаланып аккаунт құру» опциясы ұсынылады. Threads-ты Instagram-нан тәуелсіз пайдалануды таңдаған пайдаланушылардың Instagram аккаунтынан алынған жеке деректер Threads-пен біріктірілмейді, - делінген Түркияның монополияға қарсы ведомство мәлімдемесінде.
Түркия билігі әлеуметтік желіні 2024 жылдың сәуірінде Threads пен Instagram пайдаланушылары деректерінің интеграциясы цифрлық платформа нарығындағы бәсекелестікті шектеуі мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты бұғаттаған болатын.
Біз бұған дейін Германияда TikTok-қа балама жаңа әлеуметтік желі іске қосылатынын хабарлаған едік.