Түркияда түркі елдерінің футболшылары жергілікті ойыншылармен теңестірілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның клубтарында ойнайтын, түркі елдерінен келген футболшылардың мәртебесі жергілікті ойыншылармен теңестірілмек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Бұл туралы Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары және түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі дирекцияның басшысы Кюршад Зорлу Кожаели провинциясында өткен түркі әлемінің жастарының кездесуінде мәлімдеді.

Ол бұл бастаманы Түркия футбол федерациясы, сондай-ақ жастар мен спортқа жауапты тиісті министрлік қолдайтынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Түркия басқа түркі елдерінің спорт министрліктерінен жауап күтіп отыр.

Зорлу бұл жаңалық бауырлас елдер арасындағы спорттық байланыстарды нығайтып, жас футболшылардың дамуына мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ол шамамен 200 миллион халқы бар түркі әлемінің әлеуетін біріктіру ұлттық командалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп санайды.

Сонымен қатар, кездесуде түркі мемлекеттерінің командалары арасында екі жылда бір рет «Түркі кубогы» футбол турнирін өткізу ұсынылды. Зорлу бұл жарыс болашағы зор жас ойыншыларды анықтауға және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға көмектеседі деп мәлімдеді.

Егер бастаманы басқа елдер мақұлдаса, тиісті шешімдер қазан айының соңында Анкарада өтетін түркі елдері көшбасшыларының саммитінде ресми түрде жариялануы мүмкін.

Еске сала кетейік, 9-11 қараша аралығында Кожаэли қаласында әр елден 500-ге жуық жас қатысқан «Түркі әлемінің жастары» атты кездесу өткен болатын.