Түркияда жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ
16:28, 31 Желтоқсан 2022
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия мейрамханасында жарылыс салдарынан зардап шеккендердің арасында Қазақстанның азаматтары жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған ақпаратты ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады. Сондай-ақ, ведомстводан бұл соңғы дерек екені айтылды.
Айта кетсек, Түркияның Назилли қаласында мейрамханада жарылыс болып, 7 адамның қаза тапқаны туралы хабарлаған едік. Мейрамханада 20-дан астам адам болған.
TRT телеарнасының хабарлауынша, жарылыс мейрамхананың асханасында жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30-да газ баллонын ауыстырып жатқан кезде тіркелген. Зардап шеккендер жергілікті ауруханаларға жеткізілді, олардың жағдайы ауыр деп хабарланды.