Түркияда жұмыссыздық азайды: жұмыспен қамтылғандар саны 155 мыңға өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда биылғы жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 7,9%-ға дейін төмендеп, жұмыспен қамтылғандар саны 155 мың адамға артты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Анадолы

Түркияның Статистика институтының (TÜİK) мәліметінше, 2026 жылдың сәуір-маусым айларында елдегі маусымдық түзетілген жұмыссыздық деңгейі алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа төмендеп, 7,9%-ды құрады.

15 жастан асқан жұмыссыздар саны 84 мың адамға азайып, 2,8 млн адамға дейін төмендеді. Ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,7% болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 10,3%-ды құрады.

Жұмыспен қамту деңгейі 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 48,5%-ға жетті. Жұмыспен қамтылғандар саны 155 мың адамға артып, 32,48 млн адамды құрады. Ал жұмыс күшінің саны 71 мың адамға көбейіп, 35,28 млн адамға жетті. Жұмыс күшіне қатысу деңгейі 52,7% болды.

Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішінде де айтарлықтай жақсару байқалды. 15-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 1 пайыздық тармаққа төмендеп, 13,9%-ды құрады. Жас жігіттер арасындағы көрсеткіш 11%, ал қыздар арасында 19,3% болды.

Жұмыспен қамту бойынша қызмет көрсету саласы көш бастаған — 240 мың адам. Құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандар саны 25 мыңға, ауыл шаруашылығында 10 мыңға артты. Ал өнеркәсіп саласында жұмыс орындарының саны 121 мыңға қысқарды.

Жұмыспен қамтылғандардың құрылымында қызмет көрсету саласының үлесі 59,8%, өнеркәсіптің үлесі 19,7%, ауыл шаруашылығының үлесі 13,7%, ал құрылыс саласының үлесі 6,8% болды.

Еңбек ресурстарының толық пайдаланылмауын көрсететін кешенді көрсеткіш те 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 29,9%-ды құрады. Бұл көрсеткіш еңбек нарығындағы жалпы жағдайдың жақсарғанын көрсетеді.

Түркияның Қаржы және қазына министрі Мехмет Шимшек ауыл шаруашылығын қоспағандағы секторларда соңғы бір жылдағы бейресми жұмыспен қамтудың орташа деңгейі 15,7% болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш тарихи орташа деңгейден айтарлықтай төмен.

Шимшек әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылған ресми жұмыспен қамтудың өсуі мемлекеттік қаржыға да елеулі пайда әкелетінін атап өтті. Түркия билігі адами капиталды дамытуға, жұмыспен қамтуды қолдауға және халықтың еңбек нарығына қатысу деңгейін арттыруға бағытталған саясатты жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұған дейін Түркияда жылдық инфляцияның өткен айда 31,75%-ға дейін баяулағанын хабарлаған едік.