Түркияда жүрген спортшыларымызды анықтап жатырмыз - Елсияр Қанағатов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып, Түркияда қазақстандық спортшылардың бар-жоғын, бар болса қай қалаларында жүргенін анықтап жатыр.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.

«Бұл қайғылы оқиғаны біз де бүгін естідік. Өте қиын жағдай. Қазір атыс болған қалада қазақстандық спортшылардың бар жоғын анықтап жатырмыз. Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы Түркияға кеткен спортшылардың тізімін жасауда. Егер Түркияда жүрген спортшыларымыз болса, құзырлы органдармен бірлесе жұмыс істеп, оларды елге қайтаруға жұмыс істейміз. Сондай-ақ, қандайда бір жағдай болса, хабарлайтын боламыз», деп атап өтті Елсияр Қанағатов.

Естеріңізге сала кетейік, жұма күні бір топ әскери Түркияда төңкеріс жасамақ болған. Анкара мен Ыстамбұл көшелеріне әскери техника шығып, атыстар мен жарылыстар ұйымдастырған. Салдарынан ең кемі 60 адам қаза тапты.