Түркиядағы АЭС алғашқы электр энергиясын өндіруге дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясының алғашқы энергоблогын 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: sabah.com.tr

Түркияның оңтүстігінде орналасқан «Аккую» атом электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Мерсин провинциясындағы құрылыс алаңына тәулік бойы шамамен 23 мың адам мен 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Қуаты 1,2 ГВт болатын төрт энергоблоктың алғашқысы қазір сынақтан өтіп жатыр.

Алғашқы энергоблок іске қосылғаннан кейін, станция Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 2–2,5%-ын өтей алады. Ал төрт энергоблоктың барлығы жобалық қуатына шыққан кезде, АЭС жылына шамамен 35 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл елдегі жалпы электр тұтыну көлемінің шамамен 10%-ына тең немесе Ыстамбұл секілді ірі мегаполистің бір жылда тұтынатын электр энергиясымен пара-пар.

Жобаны ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырып жатыр. АЭС құрылысы жөніндегі келісімге 2010 жылы қол қойылып, станцияның есептік пайдалану мерзімі 60 жылға есептелген. Сондай-ақ бұл мерзімді тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Алғашқы энергоблокпен қатар, қалған үш блоктың да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Екінші блокта механикалық жұмыстар басталса, үшінші және төртінші блоктар кезең-кезеңімен негізгі құрылыс сатысына көшкен.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – Түркияның атом энергетикасы саласындағы кәсіби әлеуетін қалыптастыру. Түркия билігінің мәліметінше, жобадағы жергілікті өндірістің үлесі 50%-дан асып, оған 400-ден астам түркиялық компания тартылған. Осы мақсатта Түркиядан жүздеген маман Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып, елдің атом энергетикасы саласына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастырып жатыр.

Түркия «Аккую» атом станциясын елдегі ядролық энергетиканы кең көлемде өркендетудің бастамасы деп біледі. Болашақта бұл мемлекет тағы сегіз реактор тұрғызып қана қоймай, шағын модульді реакторлардың өз технологияларын жетілдіруді көздеп отыр.

Төрт энергоблоктың барлығы толық қуатына шыққан кезде, «Аккую» АЭС-і жыл сайын атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін шамамен 35 млн тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар «Аккую» АЭС-інің бірінші энергоблогында нысанды пайдалануға беру алдындағы халықаралық талаптарға сәйкес көзделген сынақ бағдарламасы жалғасып жатқанын хабарлаған еді.