Түркияның солтүстік-батысындағы орман өрті көлік қатынасына кедергі келтірді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның солтүстік-батысындағы орман өрттері елдің көлік инфрақұрылымында елеулі іркілістерге әкелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Оттың жылдам таралуына байланысты түрік билігі стратегиялық маңызды Дарданелл бұғазындағы кеме қатынасын уақытша тоқтатып, портты қала – Чанаккаледегі әуежай жұмысын да уақытша жапты.
Өрт Чанаккале провинциясында тұтанып, бірнеше сағат ішінде орман алқаптарын шарпып, елді мекендерге, инфрақұрылым нысандарына және жағалау аймағына жақындады. Өрттің таралуына жоғары температура, қуаңшылық және секундына 60-70 шақырымға дейін жететін қатты жел себеп болды.
Эгей теңізі мен Мәрмәр теңізін жалғайтын Дарданелл бұғазы кеме қозғалысына жабылды. Бұл шешім әуе арқылы өрт сөндіру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды – ұшақтар мен тікұшақтар тікелей бұғаздан су алады. Белгілі болғандай, Дарданелл – Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды теңіз жолы, оның жабылуы кеме қатынасы мен логистикада кідірістер туғызды.
Қалың түтін мен оттың қауіпті жақындығына байланысты Чанаккале әуежайы да уақытша жабылды. Бұл әуежай аймақтық рейстерді ғана емес, шұғыл эвакуация мен көмек жеткізу үшін де пайдаланылады. Барлық коммерциялық және жеке рейстер тоқтатылды немесе көрші өңірлерге бағытталды.
Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрлігі кеше басталған өрттердің қазіргі жағдайы туралы жаңартылған ақпарат жариялады.
Толығымен бақылауға алынған өрт ошақтары:
Чанаккале / Эзине
Эдирне / Энез
Хатай / Яйладагы
Маниса / Шехзаделер
Едәуір дәрежеде бақылауға алынған:
Болу / Мудурну
Кахраманмараш / Гёксун
Чанаккале / Айваджик
Измир / Дикили
Әлі де жалғасып жатқан өрттер:
Маниса / Сомдю
Чанаккале / Мерзек
Соңғы мәлімет бойынша, 2 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Өртті сөндіруге әуеден және жерден жүздеген адам мен ондаған техника, соның ішінде авиация тартылған.
Бұған дейін хабарланғандай, соңғы күндері Түркияның бірқатар өңірінде тұтанған орман өрттерімен күрес жалғасып жатыр.