Түркиядағы орман өрттері толықтай ауыздықталды

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның бірқатар аймақтарында болған орман өрттері сөндірілді. Алайда ауа температурасының жоғары болуына байланысты өрт қаупі әлі де сақталып отыр, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклының айтуынша, Измир, Маниса және Биледжик провинцияларының кейбір аудандарында шыққан орман өрттері толық бақылауға алынды.

Оның сөзінше, өрт сөндіру қызметтері, еріктілер мен жергілікті билік өкілдерінің үйлесімді жұмысының арқасында өрт ошақтарын ауыздықтап, жалынның әрі қарай таралуының алдын алу мүмкін болды.

Министрлік жағдайды бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.

Юмаклы сондай-ақ өрт сөндіруге қатысып, зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдірді.

Бұған дейін Түркияның солтүстік-батысында ауқымды орман өрттері басталғаны хабарланған еді. Бірнеше күн ішінде 150-ден астам өрт оқиғасы тіркелген.

Кейінірек орман өрті Измир қаласының шетіне жетіп, билік 455 отбасын эвакуациялауға және Аднан Мендерес атындағы халықаралық әуежайды уақытша жабуға мәжбүр болды.