Түркиядағы зілзалаға үш жыл: қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның бірқатар провинцияларында жаңа тұрғын аудандарын салу жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталып келеді, деп хабарлайды Kazinform-нің меншікті тілшісі.

2023 жылғы 6 ақпанда болған жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Элязыг қаласында Жаппай тұрғын үй құрылысы басқармасы (TOKİ) салған 12 462 тұрғын үй заңды иелеріне толықтай тапсырылды.

Эпицентрі Қахраманмарашта орналасқан жойқын жер сілкіністерінен кейін Элязыг қаласында елеулі зақымдар тіркелген. 11 мыңнан астам ғимарат пен нысан тұрғындардың өмір сүруіне және пайдалануға жарамсыз деп танылып, олардың басым бөлігі қазірдің өзінде сүрілген.

Түркияның Қоршаған орта, қала құрылысы және климаттың өзгеруі министрлігінің үйлестіруімен жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары аясында бірнеше жыл бойы елдің оңтүстік-шығыс провинцияларында қала аумақтарында да, ауылдық жерлерде де жаңа тұрғын үйлер салынды.

Элязыг губернаторы Нуман Хатипоглудың айтуынша, қазіргі таңда зардап шеккен отбасылардың шамамен 95 пайызы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

– Қосымша 2,4 мыңнан астам тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр, – деді ол.

Жергілікті билік өкілдері Элязыгтың Түркия бойынша сейсмотұрақты әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруда алдыңғы қатарға шыққан қалалардың біріне айналғанын атап өтті.

Бұған дейін Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерінде тұрғын үй салу және оларды халыққа тапсыру жұмыстары жалғасып жатқаны туралы хабарланған болатын.