Қазақстандық дипломатиялық өкілдіктен мәлім еткендей, Анкарадағы Елшілер және Халықаралық ұйымдар басшылары әйелдерінің таңғы коктейлі ай сайын өтеді. Ол SHOM Ankara деп аталады. Бұл жолы жиын Қазақстан Елшілігінің резиденциясында ұйымдастырылды.
Түркиядағы Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлының жұбайы Гүлбану Сырғабаева қонақжайлық көрсеткен жиынға 40-қа жуық мейман қатысты.
Жиында SHOM Ankara төрайымының орынбасары және Беларусьтің Түркиядағы Елшісінің жары Вера Савиных бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, лейкемия дертіне шалдыққан балаларға көмектесу үшін LÖSEV қорына жиналған қаражат және басқа да қайырымдылық жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ SHOM Ankara жаңа мүшелерін таныстырған В. Савиных ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Шара аясында таспалы кесте ісімен айналысатын Г. Сырғабаева қатысушыларға өз жұмыстарын көрсетіп, аталмыш өнердің қыр-сырымен бөлісті.
Сондай-ақ қонақтар назарына Қазақстанның мәдениеті мен экономикасын, туристік әлеуетін суреттейтін бейнебаян ұсынылды. Ал «Отау» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары қазақтың дәстүрлі әсем биі мен әуендерін паш етті.
Меймандарға арналып қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайылды.