Индустрияландыру аймағында болған кезде елші «Икителли» индустриялық-өнеркәсіптік аймағының құрылуы және қалыптасуы тарихымен, оның қызметінің жалпы тетіктерімеғн танысты. Елшіге екі ірі зауыттың жұмысы таныстырылды.
Ж.Түймебаев басқарма төрағасы Юсуф Акгүнмен кездесті, ол мейманды кәсіпкерлерді қолдау жүйесімен, бақылау тетіктерімен, сондай-ақ оның қызметін жалпы үйлестіру жұмыстарымен және Түркияның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы жайымен таныстырды.
Қазақстан елшісі Түркияның индустриялық аймақтарды құруды қолдау жүйесін дамыту жөніндегі тәжірибесі Қазақстанда қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру ісіндегі бірлескен өзара іс-қимылда нақты үлгі бола алатындығын атап өтті.
Елші сондай-ақ осы өнеркәсіптік аймақта орналасқан кәсіптік-техникалық училищеде болып, оқыту құрылымымен, кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау бағдарламасымен, сондай-ақ аймақ кәсіпорындарында кадрлық қажеттіліктің өзара байланысы жүйесімен танысты. Ж.Түймебаев осы салада тәжірибе алмасудың және тиісті білім беру құрылымдары арасында кадрлар алмасудың қажеттілігін атап көрсетті.
Елші Ж.Түймебаевтың индустриялық аймаққа сапары Қазақстанның әртүрлі облыстарында қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру жөніндегі екі елдің бірлескен бастамаларына орай ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бұл бастама Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті А. Гүлдің қамқоршылығымен 2012-2015 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының шаралар жоспары ауқымындағы тараптардың өзара іс-қимылын қамтиды. Бұл бағдарламада Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру көзделген болатын. Елшіліктің бастамасымен қазірдің өзінде Қазақстанның бірқатар өңірлерінің өкілдері «Икителли» индустриялық аймағында болды.
«Икителли» индустриялық аймағының құрамына әртүрлі бейіндегі 30 мыңнан астам фабрика кіреді, жалпы көлемі - 700 гектар, оларда 350 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Тұтастай алғанда Түркияда 300-ден астам осындай аймақтар құрылған. Индустриялық аймақтарда барлығы 60 мыңнан астам өндірістік компаниялар және 300 мың ұсақ цехтар жұмыс істейді.