Түркиядағы жағдайға қарамастан, Қазақстаннан екі ұшақ сол жаққа ұшып кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркиядағы әскери төңкеріс әрекетіне байланысты, Қазақстанның төрт әуежайынан 13 рейс кейінге шегерілді. Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, негізінде, 15 рейстің ұшуы шегерілген екен. Бірақ, бәрі бір, бауырлас түркі еліндегі жағдайға қарамастан, Қазақстаннан екі ұшақ сол жаққа бет алыпты.

Бұл туралы журналистерге шұғыл брифинг өткізген ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлім етті.

«Біздің қолда бар мәліметке сүйенсек, Ыстамбұл, Анкара қалаларының әуежайларындағы жағдай қиын. Анталия әуежайына қатысты айтар болсам, қазір Түркияның авиация саласындағы билігімен байланысқа шығып, қосымша хабарлайтын боламыз»,-деді Б.Қамалиев.

Вице-министрдің хабарлауынша, түннен бері Қазақстаннан Түркияға ұшатын 15 рейс кейінге шегерілген. Алайда, бір чартер және бір жүк әуе кемесі еш жағдайға қарамастан, Түркияға ұшып кеткен.