Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 200 адамнан асты

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Нақтыланған мәліметтер бойынша, Түркияның шығысында болған жойқын зілзала құрбандарының саны 200 адамнан асқан.

Reuters-ке сілтеме жасай отырып РБК агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы журналистерге Түркияның ішкі істер министрі Идрис Наим Шахин мәлім етті.

Оның айтуынша, 117 адам жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен Эрджиш қаласында, ал 110 адам Ван қаласында қаза тапты. Мыңнан астам адам әртүрлі жарақат алса, жүздеген адам із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Іздеу-құтқару жасақтары мен еріктілер түні бойы үйінді астында тірі қалғандарды іздеді. Қазіргі таңда іздеу жұмыстары жалғасуда.