Түркиядағы жолдастық матчтар: «Ақжайықтың» қарсыластары кім

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігіне дайындық барысында «Ақжайық» екінші оқу-жаттығу жиынына кірісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдықтар бұл әзірлік кезеңін Түркияның Анталья қаласында 4 ақпан - 1 наурыз аралығында өткізеді.

Батысқазақстандықтар алғашқы жолдастық кездесуінде 7 ақпан күні Венгрия ІІ Ұлттық лигасында ойнайтын «Дьёри ЭТО» командасымен алаңға шығады. Содан кейін 9 ақпан күні «Черноморец» (Одесса) клубымен шеберлік байқасады.

Жиын барысында команда құрамы нақтыланады.

Айта кетейік, бұған дейін «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапанов және Азат Ерсәлімовпен еңбек шарты ұзартылса, командаға жаңадан Еркебұлан Нұрғалиев, Берік Шаихов, Украина елінің өкілдері Андрей Ткачук, Адеринсола Эсеола, Сергей Басов алынған болатын.