Қазіргі таңда жас жұбайлардың жағдайлары қалыпты. Олар дүйсенбі күні Алматыдағы ауруханадан Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға ауыстырылды. Политравма бөлімінде жатқан науқастар ақ халаттылардың жіті бақылауында.
«Түркияда Нұрасылованың оң жақ иығына, сол жақ білегіне ота жасаған. Сонымен қатар ол бас-ми жарақатын алған. Ал Орынбасаровтың жамбас, сол жақ ортан жілігінің ұршық басы сынып, сол жақта операция жасалған. Барлық оталар стандартқа сәйкес жүзеге асқан. Енді осы екі науқас бір-екі апта реабилитациялық кезеңнен өтеді. Кеше түсе салғаннан кейін бүкіл анализдерін алдық. Клиникалық зерттеулер жүргіздік. Барлығы тұрақты. Бүгіннен бастап реабилитациядан өтуде», - деді Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының политравма бөлімінің меңгерушісі Анарбек Моңғол.
Нұрсұлтан мен Алмагүлдің айтуынша, олар Түркияда бал айын атап өтпек болған. Қыркүйектің басында ғана шаңырақ көтерген жастар өзге елге не себепті сақтандыру құжатынсыз барғандарын айта алмауда. Ол құжаттың маңызы зор екендігін де білмеген.
«Шынымызды айтсақ, ол сақтандыру құжаты жайлы ойламадық. Біз Түркияға өз күшімізбен сапарлап бардық. Шынымен, сақтандырусыз барғанымыз дұрыс болмады. Ол кінәмізді мойындаймыз. Негізінде бізге еліміз осындай деңгейде көмек қолын созады деп ойламадық. Қиын сәтте біздің жағдайымызға бей-жәй қарамаған, қол ұшын созып, біз үшін алаң болған билік өкілдерінен бастап, журналистер қауымына, халқымызға бәріне алғысымыз шексіз. Ризашылығымызды білдіру үшін Елбасыға алғыс хат жолдасақ деп ниеттеніп отырмыз», - дейді ерлі-зайыпты жастар.
Нұрсұлтан мен Алмагүл Талдықорғанда бір сыныпта бірге оқып, 8 жыл бойы қыз бен жігіт болып жүріп қосылғандарын айтады. Олар сол күнгі жантүршігерлік көлік апатын ұмытқылары келеді. Сол себепті де БАҚ өкілдерінің өздерін мазалағанын қаламайды.
«Түріктің такси жүргізушісі бізді аман алып қалды. Егер сол күнгі көлікте басқа адам болса біздің жағдайымыздың қалай болатыны да белгісіз. Біз осы жайлы Түркияның БАҚ өкілдері арқылы да айттық. Шынымды айтсам, өзім көлік апатына түскен сәтті білмеймін. Есімде ештеңе жоқ. Ауруханаға ес-түссіз жетіппін. Қорқынышты түс сияқты. Тіпті алғашқыда бізге дәрігерлер төрт досымыздың қайтыс болғанын айтты. Зәреміз ұшты. Қайтыс болған түріктің азаматтары екенін артынан білдік. Ең бастысы, Түркияға барған жетеуіміз де аманбыз», - дейді талдықорғандық Алмагүл.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйекте Түркияның Кемер қаласы маңында болған жол апаты салдарынан 7 қазақстандық ауруханаға түскен еді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен хирургиялық ота жастардың жанын сақтап қалды. Түркияда жол апатына ұшыраған жерлестеріміздің барлығы елге аман-есен оралды. Қазір олар еліміздің емдеу мекемелерінде тиісті ем-домын алып жатыр.