Түркиялық блогер: Қазақты танығың келсе, ауылға бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түркиялық блогер Седат Чичектің әлеуметтік желідегі Қазақстанның тыныс-тіршілігі туралы видеоларын қарайтындар көп. Қазақтармен қазақша сөйлесуге тырысқан шетелдік блогерді көпшілік жылы қабылдап жатыр. Kazinform тілшісі Анадолы өлкесінен келген блогермен тілдесті.
- Седат мырза, Қазақстанға қашан, не мақсатпен келдіңіз?
- Қазақстанға келгеніме 4 жылдан асты. Пандемияның соңғы кезеңі болатын. Түркияда басқа бір жұмыспен айналысып жүрдім, бірақ сол жұмыстан жалығып, өз мамандығыма қайта оралуды шештім.
Дене шынықтыру мұғалімі әрі футбол жаттықтырушысымын. Бұл өлкені қатты жақсы көремін. Себебі, Тянь-Шань тауларын көру – армандарымның бірі еді.
Қазақстан туралы аз ғана білетінмін. Қарасам, спорт тақырыбында Қазақстан мен Түркия арасында басқа салалар секілді байланыс жоқ екен. Мысалы, саясат, бизнес, мәдениет салаларында тығыз байланысымыз бар, бірақ спорт саласында ондай жақындық жоқ.
Біз мұнда келгенде ешкімді танымайтын едік. Ұшақтан түскенде қайда баратынымызды да білмедік. Тек қолымызда дипломдар мен бірнеше спорт жобасы болды.
Кейін «Фенербахче» футбол клубымен келісіп, академия құрдық. Мақсатымыз – қос ел арасында спорт саласында да байланыс орнату.
- Демек, Қазақстанға келгеніңізге 5 жылға жуықтапты. Өз мақсаттарыңызға жете алдыңыздар ма?
- «Фенербахче» футбол академиясын ашқаннан кейін жұмыс жүре бастады. Бір жылдан кейін Алматы Менеджмент университетіне конференцияға спикер ретінде шақырылдым. Сол шарада университет ректорымен таныстым. Ол маған мұғалім болуды ұсынды. Кейін оқу орны базасында футбол мектебін құрдық. Сонымен бірге спорт менеджменті бөлімін аштық. Бұл - Қазақстанда алғаш рет қолға алынған жоба. Қазақстандағы спорттық нысандар басшыларының көбі бұл салада арнайы білім алмаған екен. Ал біз дайындап жатқан түлектер – кәсіби спорт менеджерлері болады, яғни Қазақстан спортының дамуы үшін өте маңызды.
Спорт тек қана спортшылардың жетістігімен емес, сонымен қатар спорт менеджерлерінің жұмысымен де алға басады. Өйткені менеджерлер пирамиданың жоғарғы сатысында тұрады. Олардың қабылдайтын шешімдері, стратегиялары төмендегі қызметкерлердің де дамуына, аймақ спортын көтеруге тікелей әсер етеді. Егер спорт менеджерлері білікті болса, спортшылар да, жаттықтырушылар да әрдайым жетістікке жетеді.
- Жаттықтырушы бола жүріп, блогерлікпен айналысу қайдан ойыңызға келді?
- Біз өте керемет жұмыстар атқардық. Соңғы 7–8 айда жүгіріс көп болды. Бірақ өзімді көрсете алмай жүрген едім. Жобаларымды түсіндіретін, мені тыңдайтын адамдарды таба алмадым. Сосын микрофон мен камераны қолыма алып, көшеге шығайын деп шештім. Бұл елдің әдемілігін алдымен Түркияға, кейін бүкіл әлемге көрсеткім келді. Қазақ халқының болмысын, өмір сүру салтын, түрлі-түсті көйлектерін, әсем табиғатын, мәдени ерекшеліктерін көрсете бастадым. Түсірген ең алғашқы видеом Қазақстанда көп қаралды. Түрлі сайттарға шықты. Содан кейін барлық жақтан шақырту ала бастадым.
Бірақ мен ештеңені алдын ала жоспарламаймын. Бейнежазбаларымның барлығы аяқ асты, шынайы сәтте түсірілген. Микрофонды қолыма аламын да, кездестірген адаммен көңіл күйімізге қарай диалог құрып, шынайы түрде түсіремін. Эмоция бар ма – көңіл көтеріледі, байсалды ма – байыппен сөйлесеміз. Мысалы, бірде «Көк базарда» (Алматы) Қазақстан армиясының екінші генералымен сөйлесіппін. Ол кісінің кім екенін мүлде білмегем. Иығына қолымды қойып: «Сен өте жақсы қазақ жігітісің! Жарайсың, бауырым», - дедім. Кейін бұл видеоны жариялағанымда біраз жағымсыз пікірлер жазылды. «Сен генералмен қалай-қалай сөйлесіп тұрсың?!» - дегендер болды. Бірақ сол сәт шынайы, эмоцияға толы еді. Арамызда ешқандай шекара сезілген жоқ.
- Парақшаңыздағы қазіргі статистика қандай? Көбіне қай елдің адамдары көреді?
- Уақыт өте келе видеоларым тек Қазақстанда ғана емес, Түркияда да танымал бола бастады. Instagram-да 30 мың, TikTok-та 42 мың оқырманым бар. Бірақ менің видеоларым бұнымен шектелмейді. Көп адам менің видеоларымды көшіріп, өз парақшаларында жариялайды. Көптеген телеарналар сол видеоларым арқылы жаңалықтар жасайды. Бұл мені қуантады, себебі видеоларым қалың аудиторияға тарап жатыр. Мысалы, Шымкент пен Түркістанға сапарымда түсірген жылқы еті туралы видеомды 1 миллионға жуық адам көрді. Түркияда ат етін жеу харам саналады, бірақ мен өз әсерімді шынайы айтып бердім. Осы видео арқылы көптеген түрік көрермені қазақ мәдениетіне қызығушылық таныта бастады.
- Иә, жақында Түркістанға саяхаттап келгеніңізді көрдік. Өзіңізді «енді ғана Қазақстанда жүргендей» сезінген екенсіз...
- Түркістанға барғанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, қатты әсерлендім. Мен бұған дейін Қожа Ахмет Ясауидің түркілер алдындағы маңызын, Ислам дініне сіңірген еңбегін білмеуші едім.
Шынында, біз бір халықпыз – тіліміз, дініміз, дәстүріміз, дастарханымыз, үлкендерге деген құрметіміз, бәрі-бәрі өте ұқсас. Арамызда 5 мың шақырым бар, бірақ қаншама сөздеріміз бірдей. Бұл - кездейсоқтық емес. Қазақтармен жақын сөйлескен сайын осы туыстықты тереңірек сезіндім.
Өткен жолы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның көмекшісімен де сұхбаттастым. Ол да қазақша сөйледі. Мен қатты таңқалып, оған: «Сені құшақтағым келіп тұр», - дедім. Ол: «Біздің тарихымыз, тамырымыз бір, 2 мың жыл бұрын онсыз да қазақша сөйлейтін едік», - деді.
Біз Анадолыға көштік, ондағы мәдениетпен пен тілмен араластық. Қазақтар бұрыннан осы жерде тұрды және тілдерін өте қатты сақтап қалды. Ал Түркістанда барлық ғимараттар қазақша стильде салынған. Барлық жерде қазақша оюлар. Адамдардың бәрі қазақ тілінде сөйлейді екен.
- Оңтүстікке сапарыңызда Шымкент шаһарына да жолыңыз түсіпті...
- Шымкентке барғанымда онда қазақтың ұлттық киімдері байқауы өтіп жатты. Мен сол жарыс өтіп жатқан жерге барсам, зал бос тұр. Көрермен жоқ. Өз араларында жарысып жатыр екен. Көруге ешкім келмепті. Тек бір камера тұрды. Бардым да, 2 минут беруін сұрап, видео түсіріп алуды өтіндім. Алғашында мені танымағандықтан рұқсат бермеді. Әйтеуір амалын тауып, видео түсірдім. Сол видеоны әлем бойынша 20 миллионға жуық адам көрді. Бір кезде қарасам, менің видеомды (түрлі-түсті көйлек киген қыздар, Қазақстанның ұлттық киімдері) жапондар өз араларында stories-те бөлісіп жатыр.
Бұл өлке - алуан түсті, өте әсем, кең жүректі, мейірімді әрі нәзік адамдар өмір сүретін өлке. Мен де ол адамдардың жүректеріне жол тапқым келеді. Олардың жүрегіне жете алғанымда ғажайып нәрселер шығып жатыр.
- Таразға да ат басын бұрдыңыз ғой. Бұл қала сізге Қазақстанды қай жағынан танытты?
- Негізінде Шымкентке кетіп бара жатқанбыз. Тараздан өтіп бара жатқанда қырдың үстіндегі Әулие ата күмбезін көрдім. Одан бөлек тағы Тектұрмасты да көрдім. Жанымдағы адамға: «Көлікті тоқтат та, мені анда апар» деп айттым. Естемі қаған, Жүсіп Баласағұн, Алып Ер Тоңа, Махмұт Қашқари, Күлтегіннің ескерткіштерін көргенде қатты таңқалдым. Олар - біздің бала кезімізден бері оқыған тарихи тұлғалар. Тіпті қазір сізге айтып жатқанда да ерекше сезімде тұрмын. Өйткені олар біз үшін өте бағалы. Көрген болсаңыз, Таразда түсірген видеомда Қазақстан Республикасына да рахметімді айттым. Ондағы жазулардың латын алфавитінде жазылғаны қандай жақсы! Латын алфавитінде қазақша және руна жазуымен жазылыпты. Осы сөздерді оқығаннан кейін барлық нәрсені түсіне бастадым. Өйткені кирилл алфавитінде жазылған қазақшаны оқи алмаймын.
- Адамдармен қалай түсінісіп жүрсіз?
- Қазақ тілін үйренуге тырысып жүрмін. Алайда мен үшін ең үлкен кедергі – кирилл әліпбиі. Себебі мен оны оқи алмаймын. Егер Қазақстан латын графикасына толық өтсе, маған қазақша үйрену әлдеқайда жеңіл болар еді. Дегенмен, видеолар түсіре бастағалы қазақшаға деген ынтам арта түсті. Көшедегі адамдармен тілдессем, ішімнен қазақша сөздер өзінен-өзі шыға бастайды. Сөйтсем, мен бұрыннан көп нәрсені түсініп жүрген екенмін, тек сөйлеспегенмін.
Бастапқыда ағылшынша сұхбат алатынмын. Бір видеом жаңалықтарға шықты. «Қазақстанға түріктің танымал ютюбері келді» деп жазып қойыпты. Ал мен мұнда бұрыннан тұрып жатқан едім. Кейін қазақша білмейтін адамдармен де кездесіп, біртіндеп «Қалдарыңыз қалай?», «Жақсысыз ба?» деген сұрақтарды үйреніп, қолдана бастадым. Қазір дүкенге кіріп, қазақша сұраймын. Егер сатушы орысша жауап берсе: «Апай, мен орысша білмеймін, қазақша айта аласыз ба?» - деймін. Бұл кезде олардың жүзіне күлкі үйіріледі. Себебі менің түрім мүлде қазаққа ұқсамайды. Бірақ қазақша сөйлегенімде көпшілік таңырқап, қуана қабылдайды.
- Әлеуметтік желіде бейнематериалдарыңыз көп қаралады. Танымалдылық өзіңізге қалай әсер етті?
- Өткен жолы Шымкентке барғанымда әзербайжан әйелінен жай ғана: «Әпке, сіз не ойлайсыз?» - деп сұрап едім, ол маған деген ыстық ықыласын білдірді. Шок болдым. Ойлаңызшы, сіз ол адамды өміріңізде көрмегенсіз. Мүлде танымайсыз да. Оның бұл өмірде бар екенінен де хабарыңыз жоқ еді. Бірақ, ол кісі сізге келіп: «Мен сені қатты жақсы көремін», - дейді. Бұл - өте әсерлі, мен мұндай сезімді өмірімде алғаш рет сезіп жүрмін.
Танымал болудың өзі түсініксіз бір сезім. Мысалы, адамдар маған келіп: «Сені көргеніме сене алар емеспін», - деп суретке түседі. Мені көргеніне неге сене алмайды, мен де қарапайым адаммын, ерекше ештеңем жоқ. Видеодағы Седат қандай болса, шын өмірдегі Седат та сондай.
Шымкентке алғаш барғанымда бір мейрамханада тамақтандық. Аз ғана ауа жұтайын деп сыртқа шыққан едім, бір қарасам, көліктер тоқтай бастады. Айналамда адамдар жиналып қалды. «Бауырым» деп бастады. Мен таң қалдым. Мүлде басқа қалада, мен мүлде танымайтын адамдар мені таниды. Бұл таңқаларлық. Бүгінде TikTok-та мені ай сайын 7–8 миллион адам көреді, Instagram-да 4–5 миллион аралығында.
- Бұл блогті жүргізудегі мақсатыңыз не? Осы еңбегіңіз қазір пайда әкеліп жатыр ма?
- Мақсатым – халықтың ішінде болу. Танымал мейрамханаларды аралап, жұлдыздармен, шенеуніктермен, бай кәсіпкерлермен сұхбат құру емес. Мен ауылдарды аралап, түрлі этностардың өмірін көрсеткім келеді.
Қазақстанда көптеген ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мысалы, кәрістер Қазақстанға қалай келді? Жергілікті ұйғырлар, татарлар, басқа да халықтар туралы көп біле бермейміз. Мен солардың хикаясын көрсеткім келеді.
Қазір мені Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Әзербайжаннан да шақырып жатыр. Бірақ мен Қазақстандамын. Бұл – менің екінші үйім. Мен мұндағы видеоларды шын жүрегіммен түсіремін. Егер олай болмаса, мұнша танымал болмас та еді. Адамдар мұншалықты көңілді көрінбес еді.
Түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардан жарнама бойынша көптеген ұсыныс түседі. Бірақ мен мүмкіндігінше «жоқ» деуге тырысамын. Өйткені жарнаманы жиі жасасам, адамдардың алдында шынайылығым жоғалады деп ойлаймын. Мен бұл істен рахаттанамын. Жаңа адамдармен танысамын.
- Ал сіздің көрерменіңіз көбіне қандай пікір білдіреді?
- Бастапқыда қазақтардан жағымсыз пікірлер жиі еститінмін. Қазақ қыздарымен сұхбаттасқанда кейбір жігіттер қызғанышпен қарайтын. «Қыздармен сөйлесуге тыйым саламын» деп жазатындар да болды. Бірақ қазір адамдар видеоларымның мағынасын түсіне бастады. 10 мың пікірдің ішінен 200-і ғана теріс пікір болады. Әрине, сын болу керек. Ешкім мінсіз емес. Адамдар «Маймыл секілдісің» деп сынағаннан кейін сақалымды да алып тастадым. Мақтаған да, сынаған да адам – мен үшін құнды. Себебі мен халықпен біргемін. Мақсатым – адамдарға жақын болу.
Қазір көп адам оң пікір қалдырады. Тіпті менің блогімді көріп, Қазақстанға келгісі келетін түрік бауырларымның да саны артқан. Маған саяхаттауды жоспарлап отырғандарын жазып жатады.
- Седат мырза, Қазақстанда тағы қандай жоспарларыңызды жүзеге асырғыңыз келеді? Алда сізден не күте аламыз?
- Ендігі арманым – «Седат далада» деген телевизиялық бағдарлама жасау. Қазақстанның шағын ауылдарына барып, жергілікті адамдардың тіршілігін көрсету. Ауылдағы ата, әже, жастар – барлығының өмірі мені қызықтырады. Бірде ауыл әйелінің алтын тісін көріп, соған күліп қойғаным бар. Сондай қызықты сәттер көп болады. Әзербайжандық телеарнадан ұсыныс келді. Бірақ өзім бұл жобаны Қазақстанда жасағым келеді.
Қазақстанда 5 жыл өмір сүріп, бірде-бір қиын мәселеге тап келмедім. Бұл ел – бейбітшілік пен мәдени байлықтың мекені. Қазақты танығың келсе, ауылға бар. Ауылдағы қазақ – нағыз қазақ.
Қонақжайлылық қазақтың қанында бар. Бұл - менің ғана емес, осы елге тағдырмен келген басқа ұлт өкілдерінің де пікірі. Мен бұл елде өзімді көрем. Ауылдағы бір адамнан өз анамды, әжемді көрем.
Айта кетейік, жақында ғана Қытайдың танымал блогері Қазақстан туризмнің елшісі атанған еді.