Иран ғалымдары қатерлі ісікке қарсы жаңа гель ойлап тапты — Eurasia Today
Ирандық ғалымдар қатерлі ісікке қарсы дәріні ісік жасушаларына тікелей жеткізіп, лазер сәулесінің әсерімен белсенетін жаңа гель жасап шығарды. Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология онкологиялық ауруларды емдеу тиімділігін арттырып, сау тіндердің зақымдануын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Келтірілген деректерге сүйенсек, гельдің негізін хитозан биополимері құрайды. Ол метотрексат химиопрепаратын және лазер әсерінен белсенетін перилендиимидті тасымалдап, олардың ісік орналасқан аймақта бақыланатын түрде босатылуын қамтамасыз етеді. Лазер сәулесі перилендиимидті белсендіріп, қатерлі жасушаларды жоятын оттегінің ерекше түрін түзеді, ал метотрексат олардың көбеюін тежейді.
Eurasia Today ақпарат агенттігінң мәліметінше, зертханалық сынақтарда метотрексаттың төмен дозасын лазерлік сәулеленумен бірге қолдану сүт безі қатерлі ісігі жасушаларының 80 пайыздан астамын жойған. Сонымен қатар сау жасушаларға айтарлықтай зиян келмеген. Жобаны Иранда постдокторантуралық тағылымдамадан өтіп жүрген зерттеуші Фарназ Азадихаһ ұсынды.
Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымында «Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай транзиті басталды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, «ҚазТрансОйл» АҚ алғаш рет Қырғызстанға мұнайдың транзиттік жеткізілімін жүзеге асырды. Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы мұнай партиясы 15 тамызда жөнелтілген. 2026 жылғы тамызда Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға жалпы 35 мың тонна мұнай жеткізілді.
Мұнай тасымалы «ҚазТрансОйлдың» магистральдық құбыр жүйесі арқылы «Шағыр» мұнай құю пунктіне дейін жүзеге асырылады. Онда мұнай теміржол цистерналарына тиеледі. Жаңа транзиттік бағыт Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық мұнай тасымалы қызметтерін кеңейтуге және Орталық Азиядағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Өзбекстан қаламгерлері Ташкент декларациясына қол қойды— ӨзА
2–3 қыркүйек күндері Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан жазушыларының «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет — дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» атты халықаралық форумы өтті. Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Бакудегі Бірінші түркология конгресінің 100 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына арналған жиынның басты қорытындысы — Ташкент декларациясының қабылдануы болды. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Хабарламада айтылуынша, құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының басшылары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды. Декларацияда екі ел қаламгерлері, ғалымдары, аудармашылары және мәдени мекемелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, әдеби шығармаларды өзара аудару, бірлескен баспа жобаларын жүзеге асыру, жас таланттарды қолдау және әдеби мұраны цифрландыру міндеттері белгіленді.
Соңғы жылдары қазақ-өзбек әдеби байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Кемел Тоқаев шығармалары өзбек тіліне аударылып, 2023 жыл «Tañ-Sholpan» журналында «Өзбек әдебиеті жылы» ретінде жарияланды. Ал 2026 жылы Қасымхан Бегмановтың «Ұлы дала сабағы» мен Мереке Құлкеновтің «Шаттық» кітаптары өзбек оқырманына ұсынылды. Форум аясында қабылданған Ташкент декларациясы екі бауырлас халықтың әдеби-мәдени ынтымақтастығын одан әрі дамытуға негіз болмақ.
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы жүріп жатыр — «Халық газеті»
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы — үш ел мемлекет басшыларының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы маңызды жобалардың бірі. Ол Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көлік байланысын нығайтуға бағытталған стратегиялық жоба саналады, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, қазір теміржол құрылысына қатысқан мамандар күрделі таулы аймақта жұмыстар жүргізіп жатыр. Жоба аясында шекаралас аумақта теміржол желісі салынып, тау сілемдерін кесіп өтетін тоннельдер мен өзендер арқылы өтетін көпірлер бой көтеруде.
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы үш ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтіп, Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Халықаралық жоба аймақтағы экономикалық және сауда байланыстарын дамытуға да серпін бермек. Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Алашанькоу порты арқылы 6000-нан астам жүк пойызы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған басылымның дерегіне сүйенсек, биыл Шыңжаңдағы Алашанькоу порты арқылы 6000-нан астам Қытай-Еуропа (Орталық Азия) жүк пойызы өтті. Бұл межеге өткен жылмен салыстырғанда 41 күн бұрын қол жеткізілді. 1 қыркүйекте электромеханикалық жабдықтар, жаңа энергетикалық көліктер мен күнделікті тұтыну тауарлары тиелген кезекті пойыз Польшадағы Малашевиче қаласына жол тартты.
Алашанькоу порты Шыңжаңның Бұратала Моңғол автономиялық облысында орналасқан. Бүгінге дейін порт арқылы 129 бағыт бойынша 58 мыңнан астам жүк пойызы өтіп, Германия мен Польша бастаған 21 ел мен аймаққа 200-ден астам түрлі жүк жеткізілді. Порт Қытай мен Еуропа және Орталық Азия арасындағы маңызды теміржол-логистикалық тораптардың біріне айналып отыр.
Ирандық басылымдар Мәскеу кітап жәрмеңкесінде ұсынылды— ParsToday
Иран кітап және әдебиет үйі 2-6 қыркүйек аралығында өтіп жатқан 39-шы Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысып, көрермендерге 500-ден астам кітап атауын ұсынды, деп хабарлайды ParsToday.
Аталған ақпарат агенттіктің мәліметі бойынша, Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің атынан ұйымдастырылған стендте әдебиет, мәдениет және өнер, балалар мен жасөспірімдер, діни тақырыптар, сондай-ақ Иранның ұлттық және мәдени ерекшелігіне арналған басылымдар қойылған.
Сондай-ақ жәрмеңке аясында Иранның мәдени әлеуетін таныстыру, елдің гранттық бағдарламасын ілгерілету және ресейлік баспагерлермен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара өтуде. Сонымен қатар стендте ирандық иллюстраторлардың жұмыстары таныстырылып, әсіресе балалар мен жасөспірімдер әдебиетіндегі елдің көркемдік және шығармашылық мүмкіндіктері көрсетілді.
Түркиялық жүрдек пойыз 250 км/сағ жылдамдықпен рекорд жаңартты — TRT
Түркияның алғашқы отандық электрлі жүрдек пойызы сынақ кезінде сағатына 250 шақырым жылдамдыққа жетті. Бұл туралы Түркия Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу мәлімдеді. TÜRASAŞ компаниясы өндірген пойыздың динамикалық сынақтары Гебзе–Эскишехир бағытынан кейін Эскишехир–Полатлы учаскесінде де сәтті жалғасып жатыр, деп жазды Түркия Радио Телевизия ақпарат агенттігі.
«TRT»-ның дерегіне сүйенсек, министрдің айтуынша, пойыздың пайдалану жылдамдығы сағатына 225 шақырымға есептелген. Соңғы сынақ барысында ол 250 км/сағ жылдамдыққа жетіп, бұған дейінгі 240 км/сағ көрсеткішін жаңартты. Қазір пойыз қауіпсіздік, әртүрлі жылдамдық және пайдалану жағдайларындағы сынақтардан өтіп жатыр.
577 жолаушыға арналған 8 вагонды пойыз алюминий корпустан жасалған және автоматты тоқтату, климат-бақылау, өрт туралы ескерту, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Пойызды басқару және тарту жүйелері ASELSAN компаниясымен бірлесіп отандық технология негізінде әзірленген. Құрамда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған орындар мен арнайы көтергіштер де қарастырылған.
Сондай-ақ Түркия Радио Телевизия ақпарат агенттігінде «Turkcell» роботтандырылған хирургиялық ота сынағын өткізді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Түркиялық басылымның дерегінше, «Turkcell» «TEKNOFEST Көгілдір отан» аясында роботтандырылған хирургиялық ота сынағын өткізді.
«Turkcell» компаниясының бас директоры Али Таха Коч қашықтан роботтандырылған хирургия сынағына қатысты «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялаған.
Коч жазбасында: «TEKNOFEST Mavi Vatan аясында алғаш рет Turkcell-дің 5G инфрақұрылымын пайдаланып, қашықтан роботтандырылған хирургиялық ота жасау сынағын өткіздік. Turkcell ретінде 5G және басқа да барлық технологиялық мүмкіндіктеріміз арқылы Ұлттық технологиялық серпіліс бастамасына үлес қосуды жалғастырамыз», — деп жазған.