Қазіргі таңда өңірдегі электр энергиясының тапшылығы шамамен 200 Мвт-ты құрайды. Соған сәйкес газтурбиналық электр станциясын салу қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімі түркиялық компания басшысымен кездесуде аталған мәселені де сөз етті. Құрылыс жұмыстары үшін барлық қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
Сондай-ақ, аймақта керамика өндірісін дамыту да назарға алынды. Елімізде керамикалық плита шығаруға қажетті шикізаттың 90 пайызы бар. Қазіргі таңда ішкі нарыққа қажетті 22-24 млн шаршы метр өнімнің тек 2 млн-нын ғана шығарудамыз. Қалған 90 пайызға жуығы сырттан әкелінеді. Сондықтан аталған кәсіпорынды салу еліміз үшін де пайдалы болмақ. Егер жоба іске асса, 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Yildizlar SSS Holding» компаниясы бірнеше бағытта жұмыс жүргізетін, тек өз елінде ғана емес, әлем бойынша да белді өндіріс орындарының бірі. Түркия нарығындағы керамика мен керамогранит өндірісінің жартысы осы компанияның еншісінде. Сондай-ақ, металл өнімдерін экспорттау бойынша да танымал. Бүгінде күміс пен алтын өңдеу бойынша да алдыңғы қатарда. Сондықтан аталған холдингпен бірлесіп жұмыс жасау екі жақ үшін де тиімді болмақ.
Компания басшысы Себахаттин Иылдыз Сыр өңіріндегі мүмкіндіктерді тілге тиек етіп, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы екенін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта компания тарапынан арнайы мамандар келіп, өңірде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізбек.