Түркияны қоса алғанда сегіз мемлекет Трамптың Газадағы шабуылды тоқтату жоспарын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияны қоса алғанда 8 мемлекет бірлескен мәлімдеме жасап, онда АҚШ президенті Дональд Трамптың Газаға шабуылды тоқтатуға деген шын ниетіне қолдау білдірді, деп хабарлайды Анадолы.
Түркия, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Индонезия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Катар және Мысырдың Сыртқы істер министрлері АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған кешенді жоспары жарияланғаннан кейін бірлескен жазбаша мәлімдеме жасады. Жоспар 20 тармақтан тұрады.
Сегіз мемлекет АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған көшбасшылығы мен шынайы күш-жігерін жоғары бағалап, оның өңірде бейбітшілік орнатуға деген табандылығына сенім білдірді. Мәлімдемеде аталған мақсаттарға қол жеткізу жолында АҚШ-пен ынтымақтастықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Министрлер бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ететін келісімді жасау мен іске асыру үшін АҚШ және басқа да мүдделі тараптармен белсенді әрі сындарлы жұмыс істеуге дайын екендерін растады.
«Министрлер Газаға шабуылды тоқтату бойынша АҚШ-пен бірлесіп жұмыс істеуге деген ниеттерін растады. Кешенді келісім аясында анклавқа гуманитарлық көмекті үздіксіз жеткізу, палестиналықтардың мәжбүрлі қоныс аударуына жол бермеу, тұтқындарды босату, барлық тараптарды қорғауға кепілдік беретін қауіпсіздік тетігін құру, Израиль әскерінің толықтай шығарылуы, Газа секторы инфрақұрылымын қалпына келтіру және халықаралық құқық нормаларына сәйкес екі мемлекет негізіндегі әділ бейбітшілікке қол жеткізу жолын қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ, Газа секторының Батыс жағалауымен толық интеграциялануы қарастырылған», – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Министрлер бұл тармақтардың өңірлік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді қауіпсіздікке қол жеткізу үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Осыған дейін Ақ үй Трамптың Газадағы жағдайды реттеуге арналған жоспарын жария еткені туралы жаздық.