Операция Түркия Жандармериясы Бас қолбасшылығының Терроризммен күрес департаменті мен республикалық прокуратуралардың үйлестіруімен Адана, Адыяман, Балыкесир, Бурса, Диярбакыр, Дюздже, Эдирне, Газиантеп, Ыгдыр, Кайсери, Мардин, Мерсин, Невшехир, Синоп, Шанлыурфа және Зонгулдак провинцияларында өтті.
Түркия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ұсталған 51 күдіктінің ДАИШ мүшесі екені анықталған. Тергеу барысында олардың ұйыммен байланысы бар адамдар мен қайырымдылық ұйымдары арқылы ДАИШ-ті қаржыландырғаны белгілі болды. Сондай-ақ күдіктілердің әлеуметтік желідегі парақшаларында ұйымның үгіт-насихатын жүргізгені анықталған.
Министрлік ДАИШ-тің қызметі мен қаржыландырылуына жауапты құрылымдарына қарсы операциялар жалғасатынын мәлімдеді.
Өткен аптада 83 адам ұсталды
Түркия Ішкі істер министрлігі 25 қыркүйекте де ДАИШ-ке қарсы операция жүргізілгенін хабарлады.
Анкара, Ыстамбұл, Анталья және Бурса сияқты ірі қалаларды қоса алғанда, 28 қалада өткен операция барысында 83 күдікті ұсталды. Сонымен қатар ұйымға қатысты көптеген құжат пен цифрлық материал тәркіленді.
Министрліктің мәліметінше, ұсталғандардың ДАИШ мүшелігіне, ұйымды қаржыландыруға және әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жүргізуге қатысы бары анықталған.
Еске сала кетсек, биыл тамызда Түркияда ұйымдастырылған дәл осындай операция кезінде ДАИШ-пен байланысы бар деген күдікпен 104 адам ұсталған еді.
Ал 1 қазан күні АҚШ Ирактағы ДАИШ-ке қарсы миссиясын аяқтады.