Түркияның батысында екі рет жер сілкінді
Түркияның Бурса қаласы мен Ыстанбұлдың еуропалық бөлігінде араға бірнеше минут салып бірден екі жер сілкінісі болды. Бұл қалалардың тұрғындары қатарынан бірнеше жерасты дүмпуін сезді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркия төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының (AFAD) ақпаратына сәйкес, 5,1 балдық алғашқы жерасты дүмпуі Анкара уақытымен сағат 10:42–де (Астана уақытымен сағат 13:42) тіркелген.
Зілзала ошағы — Мәрмәр теңізіндегі Гемлик шығанағында 8,98 км тереңдікте. Жер сілкінісінің эпицентрі Бурса провинциясындағы Муданья қаласының маңында орналасқан.
Сағат 10:45–те осы ауданда Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 4,5 балдық тағы бір жер сілкінісі тіркелген.
Түркияның ішкі істер министрі Әли Йерликаяның хабарлауынша, қазіргі кезде өкілетті органдар қалалық инфрақұрылымды зерттеу және тексеру жұмысын жүргізіп жатыр.
Осы сағатта ғимараттар мен құрылыстардың қирағаны туралы ақпарат түскен жоқ.
Тұрғындар арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетсек, 1 желтоқсанда Түркияның Малатья қаласында магнитудасы 4,8 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі 7 км теремдікте тіркелді.
Оның ошағы Малатья қаласының Акчадаг ауданында орналасқан.