Оқиға Катранджы шығанағы маңында болған. «Toys Boat» кемесіндегі өрт асүйден басталып, кейін жалын кемеге тез тараған.
Барлығы 115 жолаушы, оның ішінде экипаж мүшелері мен балалар, кемені тастап, суға секірген.
Оқиға орнына жағалау күзеті, теңіз қауіпсіздігі қызметтері мен медициналық бригадалар жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына маңайда болған басқа да жүзу құралдары қатысты.
Өрттен кеме қатты зақымданып, кейін бата бастаған. Өрт сөндірілгеннен кейін зақымданған кемені судан көтеріп, жағаға шығару жоспарланып отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.
Бұған дейін Түркияның Анталья провинциясы Демре ауданының жағалауында тоқтау туралы талапқа бағынбай, қашуға әрекет жасаған қайықтың жағалау күзеті катерімен соқтығысуы салдарынан 14 заңсыз мигрант қаза тапқаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Түркияда 18 жастағы Қазақстан азаматы көз жұмғаны хабарланды.