Түркияның «Қызыл шербет» сериалының жұлдызы ұсталды

Фото: ntv.com.tr

АСТАНА.KAZINFORM — Ыстанбұлда есірткінің заңсыз айналымына қатысты ауқымды тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияда шоу-бизнес өкілдеріне қатысы бар есірткіге байланысты резонансты тергеу қайтадан қарқын ала бастады. Ыстанбұл прокуратурасы кезекті арнайы операциялар жүргізіп, нәтижесінде танымал әртістер мен медиа тұлғаларды қоса алғанда, 27 адамды ұстады.

Ұсталғандар арасында рейтингі жоғары «Қызыл шербет» (түрікше: Kızılcık Şerbeti) сериалында Фатих рөлін сомдаған актер Доғукан Гюнгөр бар. Сондай-ақ тергеу нысанасына Хадисе мен Ашкын Нур Йенги сынды түрік эстрадасының жұлдыздарымен жұмыс істеген менеджер Халук Шентүрк те іліккен. Күдіктілер тізімінде әнші Алия Шахинлер мен әлеуметтік желілерде танымал Джейда Эрсой да бар.

Ұсталғандардың барлығы Сот-медициналық сараптама институтына жеткізіліп, токсикологиялық зерттеулер жүргізу үшін қан мен шаш үлгілері алынған. Бұдан кейін олар процессуалдық әрекеттерді жалғастыру үшін қайтадан полиция басқармасына жіберілді.

Прокуратура мәліметінше, тергеу 8 қазаннан бері жүргізіліп келеді және бірнеше арнайы операцияны қамтиды. Бұл іс аясында Түркия жұртшылығына танымал музыкант, менеджер, кәсіпкерлер және өзге де тұлғалардан жауап алынып, биологиялық үлгілер тапсырылған.

Тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары бұл тек заң аясындағы тексеру екенін атап өтіп, түпкілікті қорытынды сараптамалар мен сот рәсімдері аяқталғаннан кейін ғана жасалатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Ыстанбұлда шоу-бизнес өкілдерінің есірткі қолдануы мүмкін деген күдікке байланысты полиция мен жандармерияның ауқымды арнайы операциясы өткенін жазған едік