Түркияның Кожаэли қаласында түркі әлемі жастарының кездесуі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 9–11 қазан аралығында Кожаэли қаласында «Түркі әлемінің жастары» атты кездесу өтіп жатыр. Оған әртүрлі елдер мен өңірлерден 500-ге жуық жас қатысуда. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Kazinform

Іс-шараны Түркияның билеуші Әділет және даму партиясы Кожаэли муниципалитетінің қолдауымен ұйымдастырды. «Ортақ мұра – біртұтас жүрек» ұранымен өтіп жатқан кездесуге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің өкілдері, түрлі елдердегі түркі қауымдастықтарының мүшелері, сондай-ақ Түркияның барлық провинциясынан келген жастар қатысуда.

Үш күндік бағдарлама аясында түркі әлемінің болашағы, жастар ынтымақтастығы, дипломатия, ортақ тарихи жады және цифрлық ортадағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша пікірталастар өтуде. Қатысушылар мәдени және қоғамдық іс-шараларға, концерттер мен экскурсияларға да қатысады.

Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі бөлімнің жетекшісі Күршат Зорлу түркі әлеміндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуда жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде 15 пен 24 жас аралығындағы жастардың саны шамамен 26 миллионға жетеді. Бұл білікті мамандар даярлауға, жұмыспен қамтуды дамытуға және мемлекеттер арасындағы алмасуды кеңейтуге зор мүмкіндік береді.

Күршат Зорлу Түркия осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді, олардың ауқымын біртіндеп кеңейтіп, мыңдаған жасты тартуды жоспарлап отырғанын да айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мен цифрлық саладағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ жастарды Қытай мен Еуропа арасындағы көлік және энергетикалық дәліздерді дамытуға қатысуға даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.

Кездесу түркі мемлекеттері жастары арасындағы байланысты нығайтып, тарихи және мәдени мұра негізінде болашаққа қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Бұған дейін Түркияда Түркология бойынша VIII дәстүрлі жазғы мектеп жұмысын бастағанын жазған едік.