Түркияның медициналық туризм саласындағы табысы артып келеді

Фото: avmtrend.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Түркияға медициналық қызмет алу мақсатында 1,5 миллион медициналық турист келген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Түркия Сауда министрлігі жариялаған есепке сәйкес, өткен жылы елдің экономикасына медициналық туризм саласынан 3 миллиард доллар табыс түскен. Бұл деректер сектордың тұрақты өсімін және Түркияның жоғары сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтер ұсынатын әлемдегі жетекші бағыттардың бірі ретінде танылуын растайды.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2012 жылдан 2024 жылға дейін Түркияға емделу мақсатында келетін шетелдік пациенттердің саны 6 есе артқан. Осы кезеңде медициналық қызметтердің экспорты 4 есеге өскен. Бұл көрсеткіштер медициналық инфрақұрылымның, халықаралық ынтымақтастықтың және ұсынылатын қызметтердің сапасының едәуір жақсарғанын аңғартады.

Ең көп сұранысқа ие бағыттар — пластикалық хирургия, стоматология, офтальмология, ортопедия, онкологиялық ауруларды емдеу, сондай-ақ репродуктивті денсаулыққа қатысты процедуралар. Түркия тек Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінен емес, АҚШ, ТМД, Азия және Африка елдерінен де пациенттерді тартып жатыр.

Мамандардың айтуынша, табыстың негізгі факторлары — заманауи клиникалар, білікті мамандардың болуы, аз уақыт күту мерзімі және бәсекеге қабілетті баға. Сонымен қатар, Түркия бұл саланы заңнамалық және логистикалық тұрғыда қолдап, шетелдік пациенттерге қолайлы жағдай жасап келеді.

Елдің Сауда министрлігі медициналық туризмді қызмет экспортының стратегиялық бағыты ретінде қарастырып, алдағы жылдары бұл саланы мемлекет тарапынан белсенді қолдау жалғасатынын атап өтті.

Бұған дейін Түркияда жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімдеріндегі заң бұзуға байланысты туындаған даулы оқиғадан кейін жекеменшік денсаулық сақтау секторына ауқымды реформалар дайындалып жатқаны хабарланған болатын.

Айта кетелік бүгін Түркияның бірнеше қаласында жерасты дүмпуі тіркелген еді.