Түркияның Орталық банкі негізгі мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды

Фото: Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Орталық банкі Ердоғанның пайыздық мөлшерлемелерді төмендету инфляцияны төмендетуге ықпал етеді деген мәлімдемесіне қарамастан негізгі пайыздық мөлшерлемені 50 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Банк мәлімдемесінде 2024 жылдың наурыз айында кейінге шегерілген негізгі пайыздық мөлшерлемені ұстап тұру туралы шешім базалық инфляцияның төмендеуі, ішкі сұраныстың бәсеңдеуі және инфляциялық болжамдардың жақсаруы сияқты бірнеше факторларға байланысты болғаны айтылған.

Бұл ретте Түркияның Орталық банкі уақытша факторлардың әсерінен өңделмеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі елдегі инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Дегенмен, билік бұл өзгерістердің қысқа мерзімді екеніне және ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарға әсер етпейтініне сенімді.

Түркияның бас қаржы реттеушісі инфляцияның тұрақты төмендеуі және 5 пайыздық мақсатты деңгейге жеткенше қатаң ақша-несие саясатын ұстанатынын баса айтты. Несие және депозит нарықтарында күтпеген өзгерістер болған жағдайда оларды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады.

Қатаң несие саясатын жүргізу бағаның өсуін ұстап тұруды және инвесторлардың түрік экономикасына сенімін нығайтуды жалғастырады. Алайда, инфляциялық мақсатқа табысты қол жеткізу тек ақша-несиелік шешімдерге ғана емес, сонымен қатар сыртқы және ішкі факторлардың динамикасына, оның ішінде әлемдік экономикалық үрдістерге байланысты болады.

Қазан айында ақша-несие саясаты комитетінің отырысында елдің Орталық банкі де негізгі пайыздық мөлшерлемені 50 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін Түркияда жалған доллар жасайтындар көбейіп кеткені туралы жазғанбыз.