Себебін түсіндірместен Бас штабтың бастығы Ышик Кошанер өз орнынан кетті. Оның соңын ала құрғақтағы күштердің, әскери -әуе және әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылары отставкаға кетті, деп хабарлайды жергілікті басылымдар. Мұндай оқиға Түркия тарихында алғаш рет болып отыр. Жандармерия бас қолбасшысы Неждет Озел ғана өз қызметінде қалды, оның отставкасы туралы әзірге ешқандай хабар жоқ.
Түркия қарулы күштері қолбасшылығының бұл отставкалары 1-4 тамызда ел премьерінің төрағалығымен өтетін Жоғарғы әскери кеңестің қарсаңында орын алып отыр. Бұл кеңесте түркия армиясының жоғарғы қолбасшылық құрамы туралы шешімдер қабылданады.
Дереккөздердің хабарлауынша, бұл отставкаларға үкіметпен арадағы келіспеушілік себеп болып отыр. Бас штаб басшысы қарулы күштер басшылығында жасалғалы отырған тағайындауларға келіспейтіндіктен рапорт берген. Өкіметтің әскери қолбасшылыққа қатысты жоспары туралы ол Түркия Президенті Абдолла Гүлмен және ел Премьері Тайып Ердоғанмен болған кездесуде естіп-білген. Бас штабтың баспасөзге жасаған мәлімдемесінде, әскери ведомство басшысының отставкаға «өз еркімен» кеткені ғана айтылады.
Әскери қолбасшылардың отставкасына байланысты Үкімет басшысы Ердоған Ыстамбұлға іскерлік сапарын кейінге қалдыруға мәжбүр болып отыр. Премьер, «Жоғарғы әскери кеңес отырысында жасалатын тағайындауларға қатысты дағдарыс» күтпегенін мәлім етті.
Ышык Кошанер түрік армиясының бас қолбасшылығына 2010 жылдың тамыз айында, өкімет әскери қастандықтың бетін ашқаннан кейін тағайындалған болатын. Ал ол ымыраға қатыстылардың бәрі мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыпталды, түрік армиясының 40-тан астам генералы мен адмиралы әлі қамауда отыр. Сарапшылар, әскерилердің «наразылық» отставкалары осымен байланысты болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Түркияда армия үлкен беделге ие. Жоғарғы әскери шендер елде үш рет - 1960, 1971 және 1980 жылдары әскери төңкерістер ұйымдастырған. Армияның қысымымен 1990 жылы исламшыл премьер Нежметтин Ербақан биліктен кеткен болатын. Ал қазір Бас штаб Ердоған бастаған қазіргі үкімет Түркияда исламдандыру үрдісін жүргізуде деп айыптап отыр, бірақ премьер мұны теріске шығаруда.