Түркияның судьялары мен прокурорлары делегациясы Қазақстанның Жоғарғы сотында болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияның Жоғарғы сот төрағасы бастаған Исмаил Рюштю Джирит делегация Қазақстанның Жоғарғы сотына келді, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Оның құрамына Түркия Жоғары кассациялық сотының Бас республикалық прокуроры Мехмет Акарджа, Түркияның Әділет министрінің орынбасары Шабан Йылмаз, сондай-ақ түрлі деңгейдегі судьялар, прокуратура және әділет органдарының өкілдері кірді.

Сапар барысында Қазақстан Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулинмен кездесу өтті. Іс-шараға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары Еліс Әбдіқадыров пен Айгүл Қыдырбаева, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров та қатысты.   

А.Рахметулин кездесуді аша келе, екі ел мен оның сот жүйелерінің арасында қол жеткізілген өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі мен көпжылдық ынтымақтастықтың сындарлы сипат алғандығын атап өтті. Ол қазіргі уақытта Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің қазақстандық делегацияны басқарып, Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер жоғарғы соттары төрағаларының 12-кеңесіне қатысып жатқандығын айтты. Өз кезегінде, И.Джирит мырза екі туысқан мемлекеттің тарихы, мәдениеті мен ұлттық тамырының ортақтығын айта келе, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде оны ең алғаш болып Түркияның ресми мойындаған атап өтті.

Әңгіме барысында тараптар екі ел сот жүйесінің жұмысы туралы ағымдағы ақпаратпен бөлісті.

А.Рахметулин қазақстандық сот төрелігі жүйесі жұмысымен және Ұлт жоспары шеңберіндегі сот реформасының негізгі қорытындысымен таныстырды. Бұған қоса, ол қазіргі таңда Қазақстанда жүргізіліп жатқан қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғырту барысына айрықша тоқталды. Адвокаттардың процестік мүмкіндіктерін күшейту арқылы процестің жарыспалылығын арттыру, сотқа дейінгі іс жүргізуде тергеу судьяларының құзыретін кеңейту, қылмыстық қылықтар бойынша бұйрықтық іс жүргізу секілді реформаның негізгі жаңашылдықтары кеңінен түсіндірілді.

Өз кезегінде, Джирит мырза түрік делегациясының Қазақстанға сот төрелігінде жүргізіліп жатқан өзгерістермен жақынырақ танысу үшін келгендігін айта келе, екі ел жоғары сот органдарының арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Ол 2018 жылы Түркияда жоғары кассациялық және әкімшілік соттардың құрылғанына 150 жыл толатындығын хабарлай келе, қазақстандық әріптестерін осы іс-шараға қатысуға шақырды.    

Түрік делегациясы үшін Жоғарғы сот ғимаратында таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Меймандарға жалпы отырыс және сот ісін жүргізу залдары, сондай-ақ Сот органдарының ахуалдық орталығы таныстырылды. Шетелдік меймандарды, әсіресе, сот процестерін аудиобейнетіркеу және бейнебайланыс жүйелерінің жұмысы қызықтырды.

Н.Шәріпов Ахуалдық орталықта «электронды сот төрелігінің» жүйелерін таныстырды. Ол «Сот кабинетінің» соттардың барлық сервистеріне бірыңғай терезе секілді қолжетімділікті қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін айтты. Осы сервис жұмысының арқасында соттарға 57 түрлі талап-арыздың 91 пайызы электронды нұсқада жолданатындығы аталып өтілді. Жоғарғы соттың Ахуалдық орталығы соттар жұмысына 700-ден астам көрсеткіш бойынша тәулік бойы бақылау жасайды. Бұл соттар жұмысындағы барлық ықтимал ақауларды онлайн түрде анықтап, оларды жедел реттеуге мүмкіндік береді.

Джирит мырза Қазақстандағы «электронды сот төрелігінің», соның ішінде Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Күннің екінші жартысында түрік делегациясы соттар жұмысына жаңа ақпараттық технологияларды енгізудегі қазақстандық тәжірибені одан әрі зерделеу мақсатында Астана қаласының сотына барды. Бұл жерде олар аудиобейнетіркеу, бейнебайланыс, «Сот кабинеті», сондай-ақ өзге де сервистердің жұмысымен жақынырақ танысты.