"Биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толды. 1991 жылы 16 желтоқсанда кешкі сағат төртте біз Қазақстанның Тәуелсіздігін жарияладық. Содан бір сағаттың ішінде Түркия президенті маған телефон шалып, Қазақстанның тәуелсіз болуына қуанышты екенін, түрік xалқының қолдайтынын айтты. Біз оны ешқашан да ұмытпаймыз. Сол ширек ғасырдан бері келе жатқан ынтымақтастығымыз әлі де жалғасып келеді. Қазір ол достық, бауырластық және сындарлы байланыс ретінде дамып жатыр", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Президент екі ел арасында толық түсіністік пен сенім бар екеніне баса назар аударды. Қазақстан мен Түркия стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құрды. Бірқатар сауда-экономикалық және инвестициялық келісімдер рәсімделді. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
"Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді саяси-экономикалық әріптесі болып саналады. Екі елдің арасындағы тығыз баланыс әр уақытта қарқынды дамиды, мемлекеттеріміздің мүддесін көздейтін екіжақты жоғары деңгейдегі кездесулер де жиі өткізіліп тұрады. Біз президент Ердоған мырзамен жыл сайын бірнеше рет кездесіп отырамыз. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары екенін дәлелдейді", - деп атап көрсетті Елбасы.