«Туристік қамқор» қоры - бұл сақтандыру компаниясы емес. Медициналық сипаттағы сақтандыру жағдайларына «Сақтандыру туралы» заң бойынша сақтандыру компаниялары жауап береді. Ал қор болса туристік пакетке енетін темір жол немесе әуе билетінсіз қалған жағдайда қазақстандық туристі отанына қайтару жұмысымен айналысады», - дейді Әсел Нүркебаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ол өз сөзінде қазақстандықтарға демалыс кезінде ерекше жіті болуды, қымбат отельдердегі арзан жолдама жайлы ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
«Тым қымбат отельдерге арзан тур ұсынылса, дұрыстап ойланып алған жөн. Бұл ең алдымен әрбір адамның, яғни қызметті алатын клиенттің жауапкершілігі. Люксты әрі бес жұлдызды отельдердің арзан тұрмайтыны айдан анық. Бұл жайды әркім де ескеруі керек. Одан кейін сіз бірден жеткеннен кейін турагенттіктен келісімді талап етуіңіз керек», - дейді ол.
Ал өз кезегінде «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей демалысы күткендегідей болмаған қазақстандықтарға өз құқығын қорғау керектігін айтады.
«Егер төленген ақыға сай болмайтын қызметтің көрсетілгенін турист дәлелдей алса, турагентке шағым білдіргеніңіз жетіп жатыр. Турагент бұл мәселені туроператормен бірге шешкісі келеді. Егер мәселе шешілмесе, сотқа жүгіну керек. Себебі, сізге көрсетілген қызметтің сапасы мен деңгейіне туроператор толығымен жауап береді», - дейді ол.
Айта кетсек, туристік код 11-13 әріптік-сандық символдан тұрады. Ол әрбір жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде барлық туристерге беріледі. Бұл шифрдың әр турист үшін маңызы зор. Туркод агенттің электронды поштасына жолданады. Туркод «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының электронды тізімінде сақталады. Шұғыл жағдайлар туындаған кезде турист өзінің туркодын айтып беріп, көмек сұрай алады.
Турфирма арқылы шетелде демалуды жөн көретін барлық адамға туркод беріледі. Егер турист турфирма арқылы ресімдесе, ол міндетті түрде туркод алуы керек. Демек, туроператорлар турпакетті бере отырып, олармен бірге туркодтарды беруі тиіс.
«Туристік Қамқор» корпоративтік қоры жұмысын бастағалы бері 380 мың адамға туристік код берілген.
Еске сала кетсек, Қазақстан турагенттер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева бұған дейін Қазақстанда жауапты турагенттіктердің тізімі жасалатынын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті жауапсыз туристік операторларға соңғы ескерту жасап отыр. Яғни, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорына енбеген туроператорларға бұдан былай айыппұл салынбақ.