ТүркПА парламенттік дипломатиядағы жаңа көкжиектерге жол ашады - Сенат төрағасы

Фото: Аqorda

АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік дипломатияны дамытудың маңызына тоқталды.

- Парламенттік дипломатияны одан әрі нығайту да экономикадан мәдениетке дейінгі барлық деңгейдегі кооперацияға тың серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте Парламенттеріміз арасындағы іс-қимылды арттырудың аса маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл, әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында белгіленген экономикалық, көліктік, экологиялық және цифрлық бастамаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде айрықша мәнге ие. Осы бағытта бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін, - деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев бауырлас елдердің адами капиталы үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

- Шын мәнінде, 160 миллион білімді, мақсаты айқын, мәдениеті мен рухани ұстанымы ортақ азаматтарымыз – елдерімізді дамудың шыңына шығаратын нақты күш. Мұндай әлеует түркі әлемін дамыған мәдени-тарихи кеңістік ретінде ғана емес, жаһандық өркениет факторы ретінде қарап, онымен санасуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі ТүркПА отырысы осы жолдағы маңызды кезеңге және парламенттік дипломатиядағы жаңа көкжиектерге жол ашады деп сенеміз, - деді Сенат төрағасы. 

Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысқанын жазған едік.