ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшылығы жазушы Ә.Кекілбаевтың қазасына байланысты көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшылығы көрнекті жазушы, талантты публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбіш Кекілбаевтың мезгілсіз қазасына қайғыра отырып, оның отбасына, жақындарына көңіл айтады.

«Әбіш Кекілбаев - қазақ руханиятының миуалы бәйтерегі, қазақ әдебиеті, сөз өнерінің сайыпқыраны, түгел түркі жұртының мақтанышы. Ол өз өмірін ұлт өнерін зерделеуге, ұлт руханиятын зерттеуге арнаған еді. Тарих тамырларына терең бойлап, тың дүниелерге қалам тербетіп, кесек-кесек шығармалар жазды. Халқымыздың жадында мәңгі-бақи қалатын туындылары арқылы биік белестерге жетіп, қайталанбас қолтаңбасымен із қалдырды. Түркі мәдениеті мен сөз өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Қаламынан тамған көркем дүниелері шет тілдерге, соның ішінде туыс түркі тілдеріне аударылды. Ол тереңдігімен, ерекше философиялық көзқарасымен, білімділігімен ерекшеленетін тау тұлға еді. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен тарихын насихаттау ісіне шын берілген адал азамат еді. Еліміздің тәуелсіздік тұғырының беки түсуіне орасан зор қызмет етті. Әсіресе, бізбен құрдас болған замандастарымыздың ұлттық рухын оятты. Шығармашылықтың шабыт көзіне айналды. Ұлт дейтін қасиетті ұғымды санамызға сіңіріп, көңілімізге ұялатты. Асқан адамгершілігімен, терең туындыларымен, кескінді қайраткерлігімен әр буынға үлгі болды, өнегелі өмір сүрді. Сондықтан ағамыздың жарық жұлдызы кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі бола беретініне кәміл сенемін. Сыйлас інісі ретінде ауыр қайғыға ортақтығымды білдіре отырып, отбасына және барлық туыстарына көңіл айтамын», деп жазады ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов көңіл айту хатында.