Бұл бастама Қазан қаласында өтіп жатқан ИСЕСКО Бас конференциясының 15-сессиясында көтерілді.
2026 жылғы 13-14 мамыр күндері ұйымдастырылған жиында қатысушылар ұйымның 2020-2025 жылдардағы қызметін қорытындылап, 2026-2029 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын қарастырды.
Конференция барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли Қазақстанның ислам әлемі мәдени мұрасын дамыту бағытындағы жетістіктеріне тоқталды.
– Соңғы жылдары ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне Қазақстаннан «Тоғызқұмалақ» дәстүрлі ойыны, «Ою-өрнек» сәндік-қолданбалы өнері және «Қармақшы жыраулары» ауызша поэзия мектебі енгізілді, – деді Рустам Әли.
Сонымен қатар қазақстандық тарап 2026 жылы Алматы қаласында Әл-Фараби мұрасына арналған II халықаралық конференция өтетінін жариялады.
Аталған іс-шара ИСЕСКО ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ИСЕСКО Бас конференциясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы форумға ұйымға мүше 53 мемлекеттің өкілдері қатысып жатыр.
Бұған дейін Маңғыстауда екі мың жылдық көне қала орнында археологиялық зерттеу жүріп жатқаны хабарланды.