Түркістан әуежайын сенімгерлік басқаруға алуға ниетті компаниялар белгілі болды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан халықаралық әуежайын дамыту мақсатында облыстық әкімдік биылғы жылдың соңына дейін әуежайды сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отыр.
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға бірнеше әуе компаниялары ниет білдірген.
Олардың қатарында отандық және шетелдік авиакомпаниялар да бар. Атап айтар болсақ, «Qazaq Air», «Fly Arystan», «Alpha Sky», «Turkish Cargo», «MNG», «ASL Airlines», «Sovico Group» компаниялары қызығушылық танытқан.
— Түркістан облысы әкімдігі тарапынан қойылатын талаптарға байланысты «China Henan Avation Group» және «Qazaq Air» әуекомпаниялары Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға алудан бас тартты. Сенімгерлік басқаруға берілген мекемеге сатып алу құқығы берілмейді. Сенімгерлік басқаруға бергеннен кейін, қойылған талаптар орындалмаған жағдай келісімшартты бір жақты бұзу және тағы басқа да шаралар қолдану қарастырылған. Сенімгерлік басқаруға берудің нәтижесі ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.
Түркістан халықаралық әуежайы Түркістан облысы әкімдігінің коммуналдық меншігінде. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайында 4 халықаралық бағыт бойынша (Ыстанбұл, Кувейт, Абу-Даби, Самарқанд) және 7 ішкі бағыт бойынша (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай және Қарағанды) тұрақты әуе қатынасы қамтамасыз етіліп келеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістандағы әуежай сенімгерлік басқаруға берілетіндігін жазған болатынбыз.