Түркістан әуежайына 14,3 миллион теңге айыппұл салынды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан халықаралық әуежайына келісімдердің мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді таңу белгілері бойынша тергеп-тексеру тағайындалды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті авиаотынды бөлшек саудада өткізу тауар нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізді.

Талдау нәтижелері бойынша Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 4) тармақшасын бұзу белгілері анықталды.

Осыған байланысты Түркістан халықаралық әуежайына келісімдердің мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді таңу белгілері бойынша тергеп-тексеру тағайындалды.

Тергеп-тексеру барысында «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ тиісті нарықта үстем жағдайға ие бола отырып, авиаотынды бөлшек саудада өткізетін кәсіпкерлік субъектісінен әуежай аумағында өткізу құқығы үшін алым өндіргені анықталды. Аталған әрекеттерден департамент Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы 4) тармақшасында көзделген бұзушылықтарды анықтады.

— Түркістан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14,3 миллион теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Семей әуежайы авиаотын бағасын негізсіз көтергені үшін жауапқа тартылған еді