Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның қазақ тарихындағы айрықша орнына тоқталып, жаңа басылымның тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызын атап өтті.
– Түркістан – қазақ тарихында айрықша орны бар қасиетті мекен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанды «Түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы» деп атаған болатын. Бұл – Түркістанның тарихи және рухани маңызын айқындайтын терең сөз. Тарихқа көз жүгіртсек, «Түркістан» энциклопедиясы алғаш рет 2000 жылы академик Әбдімәлік Нысанбаевтың бас редакторлығымен жарық көрген болатын. Одан бері ширек ғасырдай уақыт өтті. Осы кезеңде қала тарихына қатысты көптеген жаңа деректер ғылыми айналымға енді, жаңа зерттеулер жүргізілді. Тарихи мұраға деген көзқарас та жаңарды. Осыған байланысты киелі өлкенің тарихын жаңа деректермен толықтырып, энциклопедияны қайта әзірлеу қажеттілігі туындады. Ауқымды ізденістердің нәтижесінде тақырыптар толықтырылып, мақалалар саны екі есеге артты. Энциклопедия жаңа мазмұнда екі том болып қайта дайындалып, биыл Астана қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Баршаңызды осы айтулы басылымның жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! – деген Нұралхан Көшеров құнды кітапты шығаруға атсалысқан авторларға құрмет көрсетті.
Жиында тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі энциклопедияның маңызына тоқталып, оның түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін жүйелі түрде қамтитын іргелі ғылыми-анықтамалық еңбек екенін айтты. Оның сөзінше, көлемі 8 мың бетке жуықтайтын екі томдық басылымға төрт мыңнан астам мақала енгізілген.
– Қазір Орталық Азияда, жалпы түркі әлемінде бұл басылымға балама жоқ деп айтуға болады. Бұл энциклопедия – 2021 жылы басталып, бес жылға созылған ауқымды жобаның нәтижесі. Онда түркі әлемінің антропологиялық, археологиялық материалдары мен деректері, тарихи және мәдени қабаттары, көрнекті тұлғалары, ортақ құндылықтары, саясат пен экономикаға қатысты мәліметтер, сондай-ақ Түркістан өңіріне байланысты деректер қамтылды, – деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ жиында Түркістан қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулы Левент Гүржан, әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты және мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйледі.
Жаңа энциклопедияда Түркістанның тарихи мұрасымен қатар, оның қазіргі қоғамдық-мәдени кеңістігі мен даму үдерістері де қамтылған. Еңбекте археология, сәулет, этнография, әдебиет және фольклор бағыттары бойынша ғылыми-танымдық материалдар ұсынылған. Басылым карталар, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар және фотосуреттермен толықтырылған.
Энциклопедия екі том болып, жалпы 2 мың дана таралыммен жарық көрді. Әр томы мың данадан басылған. Алдымен басылым Түркістан облысының кітапханаларына, кейін Қазақстанның өзге өңірлеріне таратылады. Сонымен қатар алдағы уақытта энциклопедияны ағылшын, түрік, орыс, өзбек және өзге де туыстас тілдерге аудару жоспарланып отыр.
Бұған дейін Алтын Орда туралы құнды еңбек қазақ тілінде жарық көргенін хабарлаған едік.