Түркістан қаласының көшелерінде көк ту желбіреп тұр

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының орталығы — Түркістан қаласының көшелері Тәуелсіздік күні қарсаңында көк туға көмкерілді.

Қаланың басты көшелеріндегі LED экрандарда Қазақстан Республикасының көк туы бейнеленген кадрлар көрсетілген. Сондай-ақ, мерекенің маңыздылығын айшықтайтын бильбордтар мен баннерлер орнатылған.

Әрбір көшеде көк тудың желбіреуі ел тәуелсіздігінің құндылығын айшықтап, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

— Бұл безендірулер тәуелсіздікке деген құрметті көрсетіп, халықтың отаншылдық сезімін арттыруға ықпал етеді, - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта. 

Түркістандық тұрғындар болса, қала көшелерінде өзгерісті бірден байқағанын айтады.

— Көк туымызды көрген сайын көңілімізге жұбаныш, мақтаныш сезімі келеді. Қала тұрғындарын, жерлестерімді Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Егемен еліміз қарыштап дами берсін, - деді қала тұрғыны Айнұр Мүслімхан.