Түркістан облысы: Мектеп тапшылығын жоюға кәсіпкерлер де атсалысады

Фото: Фото: primeminister.kz

Түркістан облысындағы мектеп тапшылығын жоюға кәсіпкерлер де атсалысады, деп хабарлайды Kazinform.

Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда облыста 1029 мектеп бар. Оның ішінде 908-і мемлекеттік болса, 121 жекеменшік.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тарту мәселесі талқыланды. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

«Жалпы білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де қолға алынған. Яғни, кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие бола алады. Кәсіпкерлерді осы игі іске шақырамын. Ең құнды инвестиция – білімге салынған инвестиция. Ол түбінде ақталады. Өңірде мектеп тапшылығы аумақтар зерделеніп жатыр. Сіздерге ұсынылады. Кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз», – деді Бейсен Тәжібаев.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов жекеменшік мектептерде оқушыларды жан басына қаржыландыру жүйесі мен мемлекеттік қолдау туралы баяндады.

Түкістан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Азамат Таңгатаров мектеп санына қатысты деректерге тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі мемлекеттік 728 мектептің ғимараты типтік болса, 180 мектептің ғимараты ыңғайластырылған. 2023 жылдың өзінде өңірде 28 жекеменшік мектеп ашылып, пайдалауға берілді. 2023-2025 жылдар аралығында облыста 96 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізіледі.

Ал, 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 63 мектептің іс-шара жоспары бекітілген. Қазір жаңа мектеп салу үшін тиісті жұмыстар жасалып жатыр. 2024 жылы 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тағы бір айта кетер жайт, Түркістан облысындағы апат алдындағы, үш ауысымды және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 2024-2026 жылдары 23 мектеп салу қажет. Мамандардың айтуынша бұл сол кезеңге болжанып отырған мектеп тапшылығын болдырмайды.

Жиында 100 - 300 орындық мектептер салу мәселесін жекеменшік инвесторлар есебінен және мемлекеттік-жекешілік әріптестік механизмі арқылы іске асыру ұсынылды.

Кәсіпкерлер де өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Жан-жақты саралап, әріптестік орнататындарын жеткізді.