Түркістан облысы трансфертке тәуелділіктен шыға ала ма

Фото: Фото: Түркістан облысының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы еліміздегі халық көп қоныстанған аймақтың бірі. Өңірде халық саны көбейген сайын, мектеп пен балабақша және аурухана секілді әлеуметтік орталықтардың қажеттігі де арта түседі. Жол, жарық, ауыз су секілді инфрақұрылым жүйесі де тұрақты түрде жаңартып отыруды талап етеді. Сондықтан мұнда жергілікті бюджеттің шығысы көп. Ал, бюджеттің жетпеген бөлігі әрине республикалық трансферт арқылы келеді. Сол себепті Түркістан облысын көпшілік «дотациялық» өңір атап кеткен. 

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірге 2020 жылы — 765,6 млрд теңге, 2021 жылы — 794,2 млрд теңге, 2022 жылы — 938,8 млрд теңге, 2023 жылы — 1 202,8 млрд теңге, 2024 жылы — 1 246,4 млрд теңге республикалық бюджеттен берілген. 

Биылғы облыс бюджетінің көлемі — 1 542,9 млрд теңге. Оның ішінде ағымдағы шығындарға, яғни мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың еңбекақы қоры, күтіп ұстау шығыстары, міндетті әлеуметтік төлемдер, субсидия және тағы басқа да шығындарға — 1 250,3 млрд теңге, даму бюджетіне (нысандардың құрылысы) — 292,6 млрд теңге қаралған.

Ал, бюджеттің өзіндік кірістері 236,8 млрд теңге сомасында бекітілді. Шығыстардың 62 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. 

Оның ішінде негізгі үлесі: 

— Білім — 772,7 млрд теңге немесе 81,1 пайыз;
— Әлеуметтік қамсыздандыру — 91,7 млрд теңге немесе 9,6 пайыз;
— Мәдениет және спорт — 56 млрд теңге немесе 5,9 пайыз; 
— Денсаулық сақтау — 32,5 млрд теңге немесе 3,4 пайыз.

Яғни, бюджеттің негізгі шығыстары жоғарыда аталған салаға бағытталғандықтан өзіндік кіріс оларды толығымен қамтамасыз ете алмайды.

Жалпы Түркістан облысы республикалық бюджеттен қаржы алмай, өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін не кедергі? Сондай-ақ, бұл бағытта қандай жұмыс жасалуы қажет? Бұл сауалдарымызға басқарма басшысы Қанат Қайыпбек былай жауап қатты: 

— Түркістан облысы құрылғалы бері жергілікті бюджет кірісі 3,4 есе (2018 жылы — 54,3 млрд теңге, 2023 жылы — 185,6 млрд теңге) артты. Дегенмен, бюджеттің 90 пайызға жуығы — республикалық бюджеттің трансферттері мен субвенциялары. Себебі Түркістан облысы құрылғанда негізгі өндіріс орындары Шымкент аумағында қалды. Облыста уран өндірісінен басқа ірі өндіріс орындары жоқ және уран өндірісінен түсетін салықтың басым бөлігі (97%) республикалық бюджетке түседі. Екіншіден, халықтың 80% ауылдық жерлерде тұрады. Негізгі кәсібі — ауыл шаруашылығы және сауда. Аталған салада табыс деңгейі басқа саламен салыстырғанда анағұрлым төмен және маусымаралық сипатқа ие. Үшіншіден, облыста демографиялық өсім жоғары. Республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі осында тұрады. Аталған фактор жан басына шаққандағы жиынтық табыстың төмендеуіне және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік көмекке жүгінуіне себеп болып отыр.

Жалпы биылғы 10 айда Түркістан облысының мемлекеттік бюджетіне 648 млрд теңге төленген, оның 449,3 млрд теңгесі немесе 69,3 пайызы республикалық бюджетке түскен. Облыста 208 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъекті бар, оның 37 пайызы — шаруа қожалықтары. 

Республикадағы шаруа қожалықтарының 29,5 пайызы Түркістан облысында тіркелген. Басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінетін субсидияларға тәуелді.

Ірі кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік табыс салығы республикалық бюджетке түсуде, тізімі 3 жылда бір рет жаңарып тұрады. Қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында облыста уәкілетті органдармен арнайы іс-шара жоспары әзірленген.

Бүгінгі таңда мүлікті қайта бағалау, салық салу объектілеріне түгендеу, тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілерін анықтау бағытында жұмыс жүргізілуде.

— Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ағымдағы жылдан бастап «бөлшек салық» арнаулы салық режимінің мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде, осы салық режимінде қызмет атқаратын кәсіпкерлердің салық түсімдері өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Облыс экономикасын дамытуға тың серпін беретін 2024-2027 жылдарға инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Негізгі басымдық — өндіріс және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу. Жобаларды іске асыру өз кезегінде 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, өзіндік кірістерді қосымша 100 млрд. теңгеге көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жалпы өңірлік өнім көлемін 2 есеге ұлғайтуға қол жеткізуі болжамдалуда. Аталған шаралардың барлығы облыстың республикалық бюджет трансферттеріне тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы Қ.Қайыпбек.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның айтуынша, Түркістан облысын дотациялы аймақтан шығару үшін ең алдымен инвестиция тарту арқылы өңірлерде ірі өндіріс ошақтарын көбейту қажет. Содан түскен салық жергілікті жердің бюджеттің артуына алып келеді.

— Қазір бұл бағытта жұмыс жасалып жатыр. Келіп жатқан инвесторлар да бар. Сондай-ақ, отбасылық бизнесті дамыту қажет деп есептеймін. Бізде бір айлыққа қарап отырған адамдар көп. Тіпті жұмыссыз адамдарда жетерлік. Сондықтан кәсіп бастап, өрісті кеңейту қажет. Бұл ең алдымен сол отбасының өзіне жақсы. Осылай қаржылық таршылықтан құтылады. Сол секілді өзі тұрған ауылын дамытуға үлес қосады. Ал, мұндай кәсіпкер адамдардың көбейгені облыстың экономикалық жағдайын жақсартады, — дейді депутат.

Ал экономист Амалбек Өміртай кәсіпорындардың салықты жергілікті жерге төлеуі керек екенін алға тартады. 

— Ең алдымен үлкен ірі өндіріс орындарын ашу қажет. Кәсіпкерлікті дамыту керек. Содан соң, қазір жұмыс істеп тұрған кейбір өндіріс орындары, зауыт, фирмалар заңды тұлға ретінде тіркелген жеріне салық төлейді. Көп жағдайда, әсіресе уран өндірісінде осындай жағдайлар кездеседі. Яғни, біздің өңірдегі өндірістерден түсетін салық үлкен мегаполистерге, Алматы, Астана сияқты басқа өңірлердің еншісіне есептеледі. Бұдан бөлек, бүгінде Түркістан облысымен шекаралас Ташкент қаласы үлкен экономикалық орталыққа айналды. Ташкенттің мегаполистік ықпалы, әсіресе жақын маңдағы Түркістан облысы аудандары халқының Ташкентке барып сауда жасауына мүмкіндік ашты. Үлкен мегаполистің ықпалы біздің халықтың қаржысын өзге мемлекеттің аумағына барып жаратуға әкеліп отыр. Бұл да өңірдің экономикалық жағдайына кері әсер етіп отыр, — дейді Амалбек Өміртай.