Түркістан облысы жылыту маусымына дайын ба
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірдегі орталықтандырылған жылу желілерінің 49 пайызы тозған.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары мамыр айынан басталған. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 36 жылу энергетика кешені, 2083 автономды қазандық, 685 денсаулық сақтау, 1297 білім беру, 211 мәдениет, 73 спорт, 7 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй қысқы кезеңде тұрақты жылумен қамтамасыз етілуге дайындық үстінде.
Кентау көмірмен, Созақ мазутпен...
Облыста орталықтандырылған жылу беру қызметін көрсететін 7 коммуналдық кәсіпорын бар. Олар «Кентау Сервис», «Жылу», «Арыс жылу», «Сарыағаш Тұрмыс», «Ленгер-су», «Шолаққорған-су», «Отырар-жылу» МКК.
Кентау қаласы – көмір отынымен, Созақ ауданы – мазутпен, қалған өңірлер табиғи газбен жылытылады.
Жыл сайын Кентау қаласында жылу жайы мәселе болатын. Өткен жылы қалада орналасқан №5 жылу энерго орталығындағы 6 қазандықты қайта жаңғыртуға қаржы бөлініп, оның бесеуінде қайта құру жұмыстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде Кентау қаласы 2024-2025 жылғы жылыту маусымында нормативке сәйкес жылумен қамтылды.
Айта кету керек, №7 қазандықтың да құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Енді алдағы жылыту маусымында 72 сағаттық тексеруден өткізіледі.
Орталықтандырылған жылу жүйелерінің 49 пайызы тозған
Облыстағы орталықтандырылған жылу жүйелерінің ұзындығы 293,1 шақырым. Соның ішінде 143,7 шақырымы, яғни 49 пайызы тозған. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше ірі жобалар қолға алынып отыр.
Мәселен, Кентау қаласындағы 14,5 шақырымды құрайтын магистральдық жылу желілерін қайта құру және ішкі орамдық жылу жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту. Сондай-ақ, Түркістан қаласы №1-ші және №2-ші мөлтек аудандағы 1,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелерінің кварталішілік құбырларын реконструкциялау.
Бүгінде мердігер мекемелермен келісім-шарттар жасалып, жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Өңірге 600 мың тоннадан астам көмір қажет
Облыстың жалпы көмір қажеттілігі – 607 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге – 75,7 мың тонна, жеке тұрғындарға – 257,7 мың тонна, жылыжайларға – 273,2 мың тонна көмір қажет.
Қазіргі таңда бюджеттік мекемелерге қажетті көмірдің 36 пайызы сатып алынған. Жеке тұрғындар тарапынан қажеттіліктің тек 10 пайызы қана орындалған. Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 28 өңірлік операторлар айналысады. Қоймаларда шамамен 100 мың тонна көмір қоры бар. Оның бағасы 19 850 – 22 000 теңге аралығында.
Айта кететін жайт, газдандыру жұмыстарының қарқынды жүруіне байланысты тұрғындардың көмірге сұранысы өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, аудан-қалалық әкімдіктер тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын белсенді жүргізіліп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысына 600 мың тоннадан астам көмір қажет екендігін жазған болатынбыз.