Түркістан облысынан 3 мыңға жуық адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өткен жылы және 2026 жылдың 1 тамызына дейін Түркістан облысынан 3 мыңға жуық адам басқа өңірлерге қоныс аударған.

Фото: Kazinform

Түркістан облысынан 2026 жылдың басынан бері ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында 288 отбасы, яғни 1322 адам көшті.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл қоныс аударушылардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына барған.

– Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысына – 136 отбасы, 593 адам, Павлодар облысына – 87 отбасы, 459 адам, Қостанай облысына – 29 отбасы, 104 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 19 отбасы, 89 адам қоныстанды. Сонымен қатар Абай облысына – 4 отбасы, 17 адам, Ұлытау облысына – 11 отбасы, 57 адам және Қарағанды облысына – 2 отбасы, 3 адам көшті, – делінген ведомство ақпаратында.

Басқарманың дерегінше, биыл сәуір айында өңірде «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған солтүстік өңірлерден 130 делегат қатысып, жұмыс берушілер 11 856 бос жұмыс орнын ұсынған.

Еске салайық, 2025 жылы Түркістан облысынан жұмыс күші тапшы өңірлерге 398 отбасы, яғни 1627 адам қоныс аударған.

Бұған дейін көші-қон бағдарламасының Солтүстік Қазақстан облысында қалай жүзеге асып жатқанын жазған едік.